Еңбек адамына құрмет көрсету – қоғамның өркендеуінің, мемлекеттің дамуының басты өлшемдерінің бірі. Осы орайда Еңбек күні қарсаңында Елордада өткен «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға және өндіріс саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеуге арналған маңызды алаңға айналды.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов қатысқан ауқымды форумда жұмыспен қамту, еңбек нарығын дамыту, кәсіби кадрлар даярлау, өндірістегі қауіпсіздікті жетілдіру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті өндірістік үдерістерге енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан еңбек адамының беделін көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстар осы форумда тағы бір мәрте айқын көрініс тапты.
Форум аясында еліміздің әр өңірінен келген еңбек ардагерлері мен өндіріс озаттарына құрмет көрсетіліп, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Бұл марапаттар тек жекелеген адамдардың жетістігін ғана емес, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген мыңдаған еңбеккерлердің қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға болды.
Марапатталғандардың қатарында Ұлытау өңірінің мақтанышына айналған еңбеккерлермен бірге жәйремдік кенші, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ «Жәйрем» кенішінің бұрғылау-жару жұмыстары учаскесінің 6-разрядты СБШ-250МН бұрғылау қондырғысының машинисі Кеңес Ысқақов та болды.
Ол өндіріс саласындағы 36 жылдан астам мінсіз еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және кен өндірісін дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін ол Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларының бірі – «Құрмет» орденіне ие болды.
Бұл марапат бір күнде келген жетістік емес. Оның артында ондаған жылдарға созылған табанды еңбек, төзім, кәсіби ізденіс пен өз ісіне деген адалдық жатыр.
Кеңес Қартабайұлы 1966 жылғы 30 қарашада дүниеге келген. Бүгінде Ұлытау облысының Жәйрем кентінде тұрады. Отбасылы, жұбайымен бірге төрт бала тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Оның өмірлік ұстанымында отбасы құндылығы мен адал еңбек әрқашан қатар тұрады. Жасынан еңбекпен шыңдалып өскен азамат үшін адамның басты байлығы да, беделі де – маңдай термен келген абырой.
Мектеп қабырғасынан кейін № 6 кәсіптік-техникалық училищеде білім алып, өндірістік мамандықты таңдаған ол бұрғылау ісінің қыр-сырын меңгеріп шықты. Сол уақыттан бастап оның бүкіл саналы ғұмыры кен өндірісімен және еңбек адамдарының ортасымен тығыз байланыста өрбіді.
Кеңес Қартабайұлының еңбек жолы 1990 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өндірістік қазандығында от жағушы болып басталды. Қарапайым еңбекпен басталған қызмет жолы жылдар өте келе үлкен кәсіби мектепке айналды. Ол әр кезеңде құрылыс цехында тас қалаушы, ағаш ұстасы, геологиялық барлау жұмыстарында жұмысшы, жерүсті тау-кен жұмыстарында ұңғылаушы, қазандық машинисі, құрылысшы, жүк тиеуші және тау-кен жұмысшысы болып еңбек етті.
Өндірістің әртүрлі салаларында жинақталған тәжірибе оның кәсіби тұрғыда қалыптасуына зор ықпал етті. Әр мамандық оған жаңа білім, жаңа дағды және адамның еңбекке деген көзқарасын қалыптастыратын өмірлік сабақ сыйлады. Қай қызметте жүрсе де, ол жұмысты сапалы орындауды және жауапкершілікті басты орынға қойды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі экономикалық кезеңде де Кеңес Ысқақов еңбек майданынан қол үзген жоқ. Өз міндетіне адал болып, өндірістің түрлі учаскелерінде қызмет атқара жүріп, шыңдалды. Сол жылдары қалыптасқан табандылық пен төзімділік кейін оның кәсіби биіктерге көтерілуіне негіз болды.
1992 жылдан бастап ол бұрғылау саласына біржола бет бұрды. Бұрғылау қондырғысы машинисінің көмекшісі болып еңбек ете жүріп, тәжірибелі мамандардан тәлім алды. Жәйрем геологиялық барлау экспедициясында, кейін ашық тау-кен жұмыстары цехында жұмыс істеп, өндірістік процестердің қыр-сырын терең меңгерді. Бұрғылау жұмыстарының технологиясын жетік игеріп, кәсіби біліктілігін жыл сайын арттыра түсті.
Уақыт өте келе оның еңбекқорлығы мен жауапкершілігі ұжымға кеңінен танылды. 2001 жылдан бастап карьердегі бұрғылау қондырғысы машинисінің көмекшісі болып еңбек етсе, кейін ұзақ жылдар бойы СБШ-250МН бұрғылау қондырғысында жұмыс істеп, бай тәжірибе жинақтады.
Көп жылғы адал еңбектің, үздіксіз ізденістің және кәсіби шеберліктің нәтижесінде 2015 жылы ол 6-разрядты СБШ-250МН бұрғылау қондырғысының машинисі лауазымына тағайындалды. Бұл кен өндірісіндегі ең жауапты әрі күрделі мамандықтардың бірі саналады. Өйткені, бұрғылау жұмыстарының сапасы кейінгі жару жұмыстарының тиімділігіне, кен өндіру көлеміне және өндірістік көрсеткіштердің орындалуына тікелей әсер етеді. Сондықтан, мұндай міндет тек тәжірибелі әрі сенімді мамандарға ғана жүктеледі.
2015 жылдан 2023 жылға дейін Кеңес Қартабайұлы «Батыс» карьерінде еңбек етті. Сол жылдары өндірістік тапсырмалардың сапалы орындалуына өз үлесін қосып, әріптестері арасында беделді маман ретінде танылды. Ал 2023 жылдың ақпан айынан бастап «Жәйрем» кенішінде еңбек жолын жалғастырып келеді.
Бүгінде оны ұжым мүшелері кәсіби білімі терең, өндірістік тәртіпті қатаң сақтайтын, қауіпсіздік талаптарына үлкен жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі маман ретінде құрметтейді. Сонымен қатар, ол жас кеншілердің тәлімгеріне айналып, өзінің көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Отыз алты жылдан астам еңбек жолында Кеңес Ысқақов көптеген жас маманның қалыптасуына ықпал етті. Ол үшін кәсіби білімді бөлісу – қызметтік міндет қана емес, азаматтық жауапкершілік. Сондықтан, әріптестері оның ұстамдылығын, еңбекқорлығын, адамгершілігін және қарапайымдылығын ерекше бағалайды.
Еңбекқор азаматты өндірістің қиын да күрделі отты майданынан күтіп отыратын аяулы жары, алты баласы, бір немересі бар. Өзінің жолын қуып, тау-кен саласында жүрген үлкен ұлы Азамат Қартабаев су шығару учаскесінде слесарь болып еңбек етеді. Шаттыққа толы шаңырақтың басты ұстанымдары — адалдық. Адал еңбек етіп тапқан нанын адал жеу.
Кеңес Ысқақовтың «Құрмет» орденімен марапатталуы – тек бір адамның жетістігі емес. Бұл — Жәйрем кеншілерінің, өндіріс ардагерлерінің, өз кәсібіне адал жүздеген еңбек адамдарының еңбегіне берілген жоғары баға. Бұл — жылдар бойғы төзімнің, кәсіби шеберліктің, жауапкершіліктің және маңдай термен келген абыройдың көрінісі.
Бүгінде Кеңес Қартабайұлының өмір жолы жас буын үшін үлкен өнеге болып табылады. Оның тағдыры адал еңбек пен кәсібіне деген сүйіспеншілік адамның мерейін асырып, ел құрметіне бөлейтінін дәлелдейді.
Сондықтан да, Премьер-Министрдің қолынан «Құрмет» орденін алған жәйремдік кеншінің жетістігі тек өзінің ғана емес, тұтас Ұлытау өңірінің мерейін үстем етіп, еңбек адамының қоғамдағы орны мен абыройын тағы бір мәрте айшықтап берді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
