Жастар күші – ел ертеңі

Кез келген мемлекеттің басты байлығы да, қозғаушы күші де – оның халқы, ал сол халықтың болашағын айқындайтын – жастар. «Жастық шақ – өмірдің көктемі» дейтін болсақ, сол көктемде егілген дән ертеңгі күні еліміздің бақуатты болашағы болып өнбек.

Бүгінгі таңда Қазақстанның жас буыны – тек үміт артар ертеңі ғана емес, бүгінгі күннің де басты қозғаушы күшіне айналып үлгерді. Қазіргі жастар – ақпараттық технологиялар заманында туып-өскен, ойөрісі кең, креативті және еркін ойлы буын. Олар әлемдік үрдістерді жылдам меңгеріп, жаңалықтарды өмірге енгізуге құштар.

Жастар күші тек біліммен ғана шектелмейді, ол – үлкен әлеуметтік жауапкершілік. Соңғы жылдары елімізде еріктілер (волонтерлер) қозғалысының ерекше серпін алғаны байқалады. Ел ертеңін ойлаған жас, алдымен өз ортасына, содан кейін мемлекетіне пайдасын тигізуге ұмтылады.

Төтенше жағдайларда алғашқылардың бірі болып көмекке ұмтылатын, экологиялық акцияларды ұйымдастыратын, мұқтаж жандарға қол ұшын созатын да – осы белсенді жастар. Бұл олардың бойындағы отансүйгіштік пен шынайы азаматтық позицияның көрінісі.

Мемлекетіміздің тұғырының биік, керегесінің кең болуы – тікелей жастардың еңбегі мен ізденісіне байланысты. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын».

Ендеше, жастарға сенім арту, олардың бойындағы күш-жігерді дұрыс арнаға бағыттау – мемлекеттің де, қоғамның да басты міндеті. Ел ертеңінің кілтін ұстаған бүгінгі жас буын өз жауапкершілігін терең сезініп, білімі мен қайратын Отан игілігіне жұмсай бермек.

Өйткені, жастардың күші – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.

Шыңғыс САҒЫНДЫҚ,
«Қаражал қаласы жастар ресурстық орталығы» КММ директоры.