Жас дзюдошылар жеңіс тұғырында

КСРО спорт шебері Бақытжан Тәшіметовті еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнирге қатысушыларды анықтау мақсатында 2009-2010 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Ұлытау облысының іріктеу кезеңі өтті. Жауапты додаға тыңғылықты дайындықпен келген жас балуандар бозкілемде өз шеберліктерін көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.

Облыстық іріктеу кезеңіне қатысқан Жәйрем кентінің жас спортшылары әр кездесуде соңғы секундқа дейін табандылық пен қайсарлық танытты. Тартысты белдесулердің қорытындысы бойынша Арай Жақсыбай мен Еркежан Наукенова өз салмақ дәрежелерінде қарсыластарынан басым түсіп, І орындарды жеңіп алды. Айнұр Ардақ пен Айсұлу Наукенова күміс жүлдеге ие болып ІІ орыннан көрінді. Ал Әжібек Ыдырыс үздік үштікті түйіндеп ІІІ орынды иеленді.

Бұл жетістіктер кездейсоқ келген нәтиже емес. Жас балуандар бұған дейін де облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, мол тәжірибе жинаған. Олардың бүгінгі табыстарының негізінде үздіксіз жаттығу, тәртіп, табандылық және алға қойған мақсатқа деген сенім жатыр.

Арай Жақсыбай, Айнұр Ардақ және Айсұлу Наукенова қазақ күресі, самбо және дзюдо спорт түрлерінен облыс чемпиондары болып табылады. Олар республикалық және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Қазақ күресінің ұлттық рухы мен қуаты, самбоның әмбебап әрі шапшаң әдістері, дзюдоның тактикалық ерекшеліктері жас спортшылардың жанжақты қалыптасуына ықпал етіп келеді.

Жарыста алтын жүлде иеленген Арай Жақсыбай тағы да өзінің жоғары спорттық дайындығын дәлелдеді. Бұған дейін қазақ күресі, самбо және дзюдодан облыс чемпионы атанып, республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілген спортшы бұл жолы да сенімді күрес үлгісін көрсетті. Оның нәтижелері болашағынан үлкен үміт күттіретінін аңғартады.

Ал Айнұр Ардақ пен Айсұлу Наукенова күміс жүлдеге ие болып, өздерінің тұрақты жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Олар да күрестің үш түрінен облыс чемпиондары атанып, республикалық және халықаралық жарыстарда талай мәрте жеңімпаз әрі жүлдегер болған. Бұл жолғы нәтиже олардың спорттық жолындағы кезекті маңызды белес болып саналады.

Әжібек Ыдырыс қазақ күресі мен дзюдодан облыс чемпионы, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы әрі жүлдегері. Оның жетістіктері қатарында қазақ күресінен Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдесі ерекше орын алады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мықты балуандар арасында жүлделі орынға ие болу зор еңбек пен жоғары шеберліктің көрсеткіші. Ұлттық күресте жинаған тәжірибесі оған дзюдо белдесулерінде де сенімді әрі нәтижелі өнер көрсетуге мүмкіндік беріп келеді.

Жарыстың ең жарқын жеңістерінің бірі Еркежан Наукенованың еншісіне бұйырды. Ол қазақ күресі, дзюдо және самбодан облыс чемпионы, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы әрі жүлдегері. Еркежан самбодан Қазақстан Республикасының чемпионы атанып қана қоймай, Азия чемпионатында жеңіске жетіп, құрлық чемпионы атағын иеленді. Сонымен қатар, ол қазақ күресінен Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері.

Жас спортшыны алда аса жауапты сын күтіп тұр. Еркежан Наукенова 2026 жылғы 1-5 қазан аралығында Грек Республикасында өтетін самбодан Әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болды. Қазіргі уақытта ол әлемнің үздік спортшылары сынға түсетін дүбірлі додаға қызу дайындық жүргізуде. Азия чемпионы әрі ел біріншілігінің жеңімпазы ретінде әлемдік аренада өнер көрсету мүмкіндігі оның ұзақ жылғы еңбегінің жемісі болып табылады. Бұл жетістік тек Еркежанның ғана емес, Ұлытау облысы спортының да үлкен мақтанышы.

Жас балуандардың осындай табыстарға жетуінде олардың жаттықтырушысы, самбодан спорт шебері, «Жәйрем Спорт клубы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Мөлдір Болатқызының еңбегі ерекше. Ол шәкірттерінің түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтауына және шеберліктерін жетілдіруіне барлық жағдай жасап келеді. Спортшылардың жетістігінің артында бапкердің күнделікті еңбегі, кәсіби біліктілігі және шәкірттеріне деген жанашырлығы жатыр.

Бапкер үшін әрбір жеңіс ұзақ жылғы табанды жұмыстың нәтижесі саналады. Жас спортшылардың қабілетін байқап, оларды дұрыс бағыттай білу, жарыс алдында қажетті психологиялық қолдау көрсету үлкен тәжірибе мен кәсібилікті қажет етеді. Мөлдір Болатқызы шәкірттерінің тек мықты спортшы ғана емес, тәртіпті, жауапты, мақсатшыл және ел намысын бәрінен жоғары қоятын азамат болып қалыптасуына ерекше көңіл бөледі.

«Жәйрем Спорт клубы» қоғамдық бірлестігінің тұрақты демеушісі болып табылатын «Казцинк» компаниясы жас спортшылардың түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуына және жаңа жетістіктерге жетуіне қолдау көрсетіп келеді. Балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған мұндай қамқорлық дені сау, жігерлі және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге қосылған маңызды үлес болып табылады.

Жасөспірімдер арасындағы жарыстардың тәрбиелік және спорттық маңызы ерекше. Олар спортшыларды тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке баулиды. Бозкілемге шыққан әрбір балуан өз намысымен бірге туған жері мен елінің мәртебесін қорғайды. Сондықтан, әрбір жеңіс тек спортшы үшін ғана емес, оның отбасы, жаттықтырушысы және тұтас өңір үшін ортақ қуаныш.

Арай Жақсыбайды, Еркежан Наукенованы, Айнұр Ардақты, Айсұлу Наукенованы және Әжібек Ыдырысты кезекті жарқын жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз. Жас балуандарымыз алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көрініп, Ұлытау облысы мен Қазақстанның мерейін үстем ете берсін!

Грекия төрінде өтетін Әлем чемпионатына дайындалып жатқан Еркежан Наукеноваға сәттілік, зор денсаулық және жеңіс тілейміз. Ұлытаудың қайсар қызы әлемдік аренада ел сенімін ақтап, Қазақстанның Көк Туын биікте желбіретсін! Ал жас спортшыларды үлкен жеңістерге жетелеп жүрген Мөлдір Болатқызына толайым табыс тілеп, өскелең ұрпақтың спортпен айналысуына қолдау көрсетіп отырған «Казцинк» компаниясына шынайы алғысымызды білдіреміз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА