Жақсының аты өлмейді…

Ағымдағы аптада Қаражал қаласында өңіріміздің рухани қазынасын түгендеп, тарихын тереңнен тануға өлшеусіз үлес қосқан қаланың Құрметті азаматы, белгілі ақын, жазушы, өлкетанушы, журналист, ұлағатты ұстаз Төлеухан Ілиясұлының рухына тағзым етіліп, өзі тұрған үйге орнатылған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды.

Кемел тұлғаның есімін ұлықтаған бұл айтулы шара қаражалдықтардың туған жер тарихын қадірлеп, рухани мұраны көздің қарашығындай сақтай білетінін және кейінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге көрсете алатынын паш етті. Салтанатты шара аясында қаламгердің сан қырлы өмір жолы мен мол шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, жиналған қауым қаламгердің еңбектерімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Іс-шарада қала әкімі Айқын Елеусізов, қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова және ауыл ақсақалдары бастаған қауым қатысып, игі бастамаға қолдау көрсетті.

Жиында Төлеухан Ілиясұлының ағасы Қали Жақанов, Қаражал қаласының құрметті азаматтары Жарқынбай Жетімек пен Рахымжан Сатанов естеліктерімен бөлісіп, қаламгердің азаматтық тұлғасы мен шығармашылық мұрасының өлшеусіз маңызына тоқталды. Сонымен қатар №1 мектептің 11-сынып оқушысы Тулеутаева Ұлжан қаламгердің жүрек тебірентер «Қаражал» өлеңін аса мәнерлеп оқып, шараның рухын асқақтата түсті. Өз кезегінде қаламгердің жұбайы Күлаш апа отбасы атынан сөз сөйлеп, осындай ізгі бастамаға ұйтқы болған барша қауымға шынайы ризашылығын білдірді.

Шын мәнінде, Төлеухан Ілиясұлының есімін ұлықтау – туған жер тарихын қадірлеудің, атадан балаға мұра болып қалатын рухани байлықты қастерлеудің ең биік көрінісі екені анық. Төлеухан Ілиясұлы Ілиясов 1947 жылғы 10 желтоқсанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде дүниеге келіп, өмірі мен өнегелі ғұмырын ел мен жерге қызмет етуге арнады. 1969–1980 жылдары Жезқазған облысы Ағадыр ауданының Көктіңкөлі орта мектебінде тарих, қоғамтану және «Кеңес мемлекеті мен құқығының негіздері» пәндерінен сабақ беріп, талай шәкірттің жүрегіне білім нәрін құйды. Тек ұстаз болып қана қоймай, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, комсомол ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитеті мен партия ұйымының жетекшісі сияқты жауапты міндеттерді де абыроймен атқарды. 1980 жылдан Қаражал қаласына қоныс аударып, барша саналы өмірі мен шығармашылығын осы өңірмен тығыз байланыстырды. 1995 жылдан бастап Жезқазған облыстық «Центральный Казахстан» газетінде тілші болып қызмет атқарды, ал 1997 жылдан бастап Қаражал қалалық «Атасу-Жәйрем Ақпарат» және «Қазыналы өңір» газеттерінің бас редакторы болып абыройлы еңбек етті.

Қалалық партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы, өңірдегі «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш төрағасы болып сайланды. Оның ең үлкен істерінің бірі – Қаражал қаласының тарихи өлкетану музейінің негізін қалап, ұлттық мұрамызды жинап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыруы болды. Сөйтіп ол туған халқының жүрегінде өшпес із пен мәңгілік ғұмыр кешетін жарқын бейнесін қалдырды.

Ақын Жарқынбай Жетімек ағамыздың естелігінен: «Төлеухан Ілиясұлы ағамыз — өзінің тіршілігінде азаматтық парызын адал атқарып өткен тұлға. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, мамандығы тарихшы бола тұра жазушылықпен, шығармашылықпен айналысты. Туған елі мен жерінің қадір-қасиетін қағаз бетіне түсіріп кеткен нағыз азамат еді.

Қазақта “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген қанатты сөз бар. Төкең өз жақсылығын да, ақындығын да қатар атқарып, еліне елеулі, халқына қалаулы болды. Өзіне жүктелген жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, осы өңірдің екі газетінің бас редакторы болды.

Артына қырыққа тарта кітап қалдырып, кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге көрсетті. Өмір жолын жаңа бастап жатқан жастар туып-өскен жерінің тарихын осы ағамыздың кітаптарынан оқып білді. Бұл дегеніңіз – үлкен өнеге.

Сондықтан ағамыздың бірнеше жыл тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылуы – өте орынды әрі лайықты жасалған игі іс. Төлеухан ағамыздың шығармашылық мәңгілік ғұмыры енді ғана басталғандай. Алла жатқан жерін жайлы, топырағын торқа қылсын!» Ұлы Қайырбек Төлеуханұлының естелігінен: «Әкеміздің өмірі мен еңбегі – біз үшін қашанда үлкен өнеге мектебі.

Ол кісі өз отбасына ғана емес, бүкіл елге жақсылық пен парасаттың үлгісін көрсете білді. Әкеміздің әрбір жазған кітабы, қалдырған мол мұрасы – туған жеріне деген шексіз махаббаты мен адал қызметінің айғағы. Бүгінгі туған үйінің қабырғасында ашылып отырған мемориалдық тақта – оның жарқын бейнесін мәңгі есте сақтайтын, ұрпаққа аманат еткен игі істерінің лайықты бағасы.

Әкеміздің атын ұлықтап, құрмет көрсетіп жатқан барша жерлестерімізге, ағайын-туыс пен қаламдас әріптестеріне отбасымыздың атынан шексіз алғысымызды білдіреміз». Қаражал төрінде ұлағатты ұстаз, қаламгер, өлкетанушы Төлеухан Ілиясұлының тұрған үйіне мемориалдық тақтаның орнатылуы – тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қала жұртшылығының мақтанышы мен рухани жаңғырудың жарқын көрінісі. Өмірі мен еңбегін туған жерінің өсіп-өркендеуіне, тарихын түгендеп, ұрпақ тәрбиелеуге арнаған абзал жанның есімі мен жасаған игі істері жылдар өтсе де ұмытылмай, келешек ұрпақтың жадында мәңгі сақталары анық.

Өңірдің руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ардақты азаматтың жарқын бейнесі әрқашан ел жүрегінде сақталып, оның өнегелі жолы жастарға әрдайым бағыт-бағдар бере берері сөзсіз

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ