Жаңарған Қазақстанға алғашқы қадам

Бірер күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Мәжіліс отырысында халыққа айтқан үндеуін 1 сағат ұйып тыңдадық. Не айтар екен деген сын көзбен қарасақ та, іштей халықтың жағдайы жақсарары сөзсіз деп қоямын. Үкімет басшылығына Әлихан Смайыловты тағайындағаны да барлығымызға дерлік майдай жақты. Алғашқы сөзі қысқа-нұсқа болса да өз тілімізде даусы қатқыл, сөз саптауы сауатты, әрбір сөзі нық шығып, орысша шүлдірлеп, екі сөздің басын қоса алмайтындарға жақсы сабақ болды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен аттас азамат еліне адал қызмет жасап, Отанына опасыздық жасамасына сеніммен қарайық.

Жалпы, дәл осы үндеуге түрткі болған жақындағы Қазақ елінің қаһарлы қаңтардың қасіретін тартқан азабы еріксіз себеп болғанын өз санамызбен түсіндік. Бірлігі жарасқан мамыражай халқымның осындай опасыз лаңкестердің арбауы мен оғына ұшамыз деп үш ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар. Расы керек, 1986 жылдағы Желтоқсан оқиғасынан асып түспесек, кем түспедік. Ендігі кезекте Мәшһүр Жүсіп атамыздың айтқанына дөп түсіп, еліміз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған алаңсыз өмір сүруге міндеттіміз деп ойлаймын.

Ендігі кезекте, Мемлекет басшысының үндеуіне келсек, мықты қоғам белсендісі немесе білікті саясаткер емеспін. Десек те, санама түртіп жүрген, көңіліме майдай жаққан жерлері болды. Болашағымыз жастардың қолында деп алып, осы уақытқа дейін жұмыс өтілің жоқ деп талай кеңседен шығарып жіберген жастар көз алдымызда. Оны мойындауымыз керек. «Ең алдымен осы жастарға жағдай жасауымыз қажет» деген Мемлекет басшысының сөзі қатты ұнады. Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою – бұл басты мәселелердің бірі. Бұдан былай жастарға жаңа мекемелер ашылмақ, сондай-ақ, зейнет жасындағылар  жастарға орын беру керек деп ойлаймын.

Атамекен қайтарымсыз гранттар «Бизнес-бастау» 400 АЕК-ке дейін өседі. Бұл да жастарға керемет мүмкіндік. Жалақыларын жариялап, халықтың ашуына тиген талай әкімсымақтар мен депутаттарды айтпай-ақ білесіздер. Депутат, үкімет мүшелері мен әкімдердің жалақылары 5 жылға дейін өспейді. Бұл әділ шешім. Жоғарыда аталған мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жеткілікті деп ойлаймын. Сондай-ақ, экономика өсіміне байланысты бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіріп отырады.

Халықтың көзіне күйік болған тағы бір мәселе. Тұрып қалған LRT жалғасады. Жемқорлықтың иісі шығатын жобаны аяқтамасқа болмайтынын да Мемлекет басшысы жасырмай айтты.

 Көліксүйер қауымға да жақсы жаңалық жетті. Оператор РОП-қа Утильсборды алуды тоқтатты. Алайда оны мемлекет қадағалайды. Енді бағасы шырқап тұрған автокөліктердің құны түсуі әбден мүмкін.

Сондай-ақ, алдағы 5 жылда Қазақстанда беделді деген халықаралық ЖОО филиалын ашуға тапсырма берілді. Соның 2-уі техникалық мамандық болуы керек. Гуманитарияға оқыта беруді доғару керек екеніндігін де дөп басып айтты.

 Қай-қайсы көтерілген мәселені алсақ та, Қазақстанның жаңару кезеңіне көшетіні анық. Бұған мен кәміл сенемін. Мемлекет басшысы айтқандай «Біз – мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз». Дәл осыған әр қазақстандық жүрегімен сенуге міндетті деп ойлаймын.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ