Жаңа спорт кешенінің құрылысы – басты назарда

Газетіміздің алдыңғы сандарында хабарлағанымыздай, Ескі Жәйремде тұрғындар игілігіне арналған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі жүзеге асырылуда. Бұл құрылыс жергілікті әкімдік, қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті қауымдастық пен Ескі Жәйрем тұрғындарының жіті назарында. ГРЭ шағын ауданында ауа тіректі құрылым технологиясы негізінде көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Болашақта бұл нысан өңір тұрғындарының спортпен тұрақты шұғылдануына, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беретін заманауи орталыққа айналмақ.
Спорт кешенінің құрылысы тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, сонымен қатар, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама саналады. Бүгінде бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды дене белсенділігіне тарту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Ескі Жәйремде бой көтеріп жатқан жаңа спорт нысанының маңызы ерекше. Жоба барысымен танысу мақсатында Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін тексерді. Нысанды аралау барысында жауапты мамандардың есептерін тыңдап, құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңімен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Нысанды алдағы уақытта тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін жылу желілерін тарту жұмыстары атқарылып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл спорт кешенінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін маңызды инженерлік шешімдердің бірі. Сонымен қатар, бүгінде ауа тіректі спорт кешенінің негізгі бөлігі саналатын күмбездік конструкцияларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысанның сыртқы келбеті біртіндеп қалыптасып келеді. Алдағы кезеңде кешеннің ішкі әрлеу, инженерлік және техникалық жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Құрылыс алаңында болған кезде Қайрат Жансағымов мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, жобаны іске асыру барысында туындаған өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында жұмыс үдерісіне әсер етуі мүмкін бірқатар өндірістік және ұйымдастырушылық мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды. Кент әкімі құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуы әрдайым басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті. Ол жауапты тұлғаларға жұмыстардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді жедел шешуді және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес көпфункционалды спорт кешені Жәйрем кентінің ГРЭ шағын ауданындағы Первооткрывателей көшесі, 12-учаске мекенжайында орналасады. Нысанның жалпы құрылыс алаңы 1 667,67 шаршы метрді құрайды. «Ауа тіректі құрылым негізінде көпфункционалды спорт кешенін салу» жобасы бойынша 2025 жылғы 12 қыркүйекте инвестор «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры, мердігер «ALEL CONSTRUCTION» ЖШС және тапсырыс беруші «Жәйрем кенті әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі арасында «кілтпен тапсыру» қағидаты бойынша келісімшарт жасалған. Жобаның жалпы құны 251 486 507 теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын аяқтаудың жоспарланған мерзімі 2026 жылғы 15 қазан болып белгіленген. Спорт кешені пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындар үшін жыл бойы спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасалады. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге, жастар мен ересектерге арналған дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік болады. Сондай-ақ, түрлі жарыстар, бұқаралық спорттық іс-шаралар мен жаттығулар ұйымдастыру жоспарланған. Мамандардың пікірінше, мұндай заманауи спорт нысандары тұрғындардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде өңірде салауатты өмір салты мәдениетінің қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Жалпы алғанда, Ескі Жәйремде салынып жатқан жаңа спорт кешені кенттің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде және жоғары сапада аяқталған жағдайда, бұл нысан мыңдаған тұрғынның игілігіне қызмет ететін, өңірдің спорттық әлеуетін арттыратын әрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізетін заманауи спорт орталығына айналмақ.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.