Жәйрем инфрақұрылымы – тұрақты бақылауда  

Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов кенттің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын тұрақты түрде аралап, жүйелі бақылау жасап тұрады. Кенттегі маңызды жобалардың жүзеге асу барысымен танысып, әлеуметтік нысандардағы жұмыстардың сапасын бағалап, сондай-ақ, тұрғындарды толғандырған коммуналдық-тұрмыстық мәселелерді қарастырады.

САПА МЕН МЕРЗІМГЕ ЕРЕКШЕ НАЗАР

Кезекті жұмыс сапары Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізовтың қатысуымен болды. Жұмыс сапарының алғашқы нысаны күрделі жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан № 30 мектеп болды. Қала және кент әкімдері құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысымен танысып, ғимарат ішін аралап көрді және мердігер ұйым өкілдерімен жобаның орындалу кестесін талқылады.

Бүгінде білім беру мекемелерін жаңарту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады. Заманауи мектеп оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөлінуде.

Нысанды аралау барысында Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов жобаны іске асыру кезінде формальды көзқарасқа жол берілмеуі керектігін атап өтті. Әрбір құрылыс кезеңі қолданыстағы талаптар мен нормаларға қатаң сәйкес орындалуы тиіс. Мердігер ұйымдарға жұмыстардың жоғары сапасын қамтамасыз ету, сертификатталған материалдарды пайдалану және бекітілген мерзімдерден ауытқымау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, мектепті жаңғырту тек ғимаратты жөндеу ғана емес, заман талабына сай білім беру ортасын қалыптастыру екенін ерекше атап өтті. Себебі, бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы ертең осы білім ордасында оқитын жүздеген баланың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей әсер етеді.

ЖӘЙРЕМДІ ГАЗДАНДЫРУ: ДАМУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ЖОБАСЫ

Мектептегі жұмыстармен танысқаннан кейін инфрақұрылым нысандары бойынша жұмыс бағытын Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов жалғастырды. Басты бағыттардың бірі кенттегі газ тарату желілерінің құрылысы болды.

Жәйремді газдандыру жобасы тұрғындар көптен күткен әрі әлеуметтік маңызы жоғары бастамалардың қатарында. Оның жүзеге асуы коммуналдық қызметтердің сапасын арттырып, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және кенттің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді.

Газ тарату желілерінің құрылыс алаңдарын аралау барысында, кент басшысына мердігер ұйым «Алия-сервис» ЖШС өкілдері атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, жобаны іске асыру барысында туындаған бірқатар өзекті мәселелер де көтерілді.

Талқылау қорытындысы бойынша айтылған барлық ұсыныстар мен мәселелер бақылауға алынды. Жауапты мекемелер мен сала мамандарына туындаған түйткілдерді жедел шешіп, табиғи газды тұрғын үйлерге жеткізу жұмыстарын жеделдету бойынша тапсырмалар берілді. Жалпы газ құбырларын тартып, халыққа газ беру мерзімі 2027 жыл.

Бұл ретте тек мерзімнің сақталуына емес, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына, техникалық талаптар мен қауіпсіздік нормаларының орындалуына да айрықша мән берілуде. Кент басшылығы аталған жобаның іске асуы тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтіп, оның орындалуы тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

Қаралған мәселелердің сипаты әртүрлі болғанымен, олардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат бар. Ол — тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, кенттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту.

Ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру тұрақты бақылауды, туындайтын мәселелерді дер кезінде анықтауды және жедел шешім қабылдауды талап етеді. Сондықтан, барлық жұмыстар кезең-кезеңімен қадағаланып, жауапты мекемелердің қызметі үйлестіріліп отыр.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.