Мемлекет дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі – заң үстемдігінің қамтамасыз етілуі. Ал заң үстемдігі өз кезегінде сот төрелігінің әділ әрі сапалы жүзеге асырылуына тікелей байланысты. Осы ретте құқықтық құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты, түсінікті және заң талаптарына сәйкес әзірлеудің маңызы айрықша.
Мемлекеттік тіл – еліміздің қоғамдық-саяси, құқықтық және әлеуметтік өмірінің ажырамас бөлігі. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондықтан, құқықтық құжаттарды мемлекеттік тілде сапалы әзірлеу тек тілдік міндет қана емес, сонымен қатар, заңдылық пен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды тетігі болып табылады. Сот қызметінде әрбір құжаттың мазмұны ерекше жауапкершілікті талап етеді. Сот актілері, қаулылар, ұйғарымдар, хаттар, анықтамалар және өзге де процессуалдық құжаттар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей әсер етеді. Сондықтан, мұндай құжаттардағы әрбір сөздің, сөйлемнің және құқықтық тұжырымның нақты әрі түсінікті болуы аса маңызды. Құқықтық құжатты мемлекеттік тілде әзірлеу барысында ең алдымен оның заң талаптарына сәйкестігі сақталуы қажет. Құжаттың тілі қарапайым әрі түсінікті болғанымен, құқықтық терминологияның дәлдігі мен мағынасы бұзылмауы тиіс. Бір құқықтық ұғымның әртүрлі қолданылуы немесе терминнің дұрыс аударылмауы құжаттың мазмұнын өзгертіп, құқық қолдану тәжірибесінде түсінбеушілікке әкелуі мүмкін. Осыған байланысты сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді жетік меңгеруі және құқықтық терминдерді дұрыс қолдануы – бүгінгі күннің маңызды талаптарының бірі. Әсіресе, сот актілерін әзірлеу кезінде заң нормаларының мәнін дәл жеткізу, құқықтық терминдерді бірізді пайдалану, сөйлем құрылымын дұрыс қалыптастыру және артық сөз қолданыстарынан аулақ болу қажет. Сапалы құқықтық құжат – ең алдымен, оның адресатына түсінікті болуы тиіс. Азамат сот актісін немесе өзіне қатысты процессуалдық құжатты оқыған кезде онда қандай мәселе қаралғанын, соттың қандай қорытындыға келгенін және қабылданған шешімнің қандай құқықтық негізге сүйенетінін анық түсінуі қажет. Бұл сотқа деген сенімді арттырып, азаматтардың өз құқықтарын тиімді қорғауына мүмкіндік береді. Мемлекеттік тілдегі құқықтық құжаттардың сапасын арттыру үшін бірнеше бағытқа назар аударған жөн. Біріншіден, құқықтық терминологияны біріздендіру қажет. Екіншіден, сот актілерін мемлекеттік тілде әзірлейтін мамандардың кәсіби және тілдік біліктілігін тұрақты түрде арттыру маңызды. Үшіншіден, дайындалған құжаттарға тілдік және құқықтық тұрғыдан сапалы редакция жүргізілуі тиіс. Төртіншіден, сот тәжірибесінде қалыптасқан тиімді үлгілерді жүйелеп, оларды тәжірибеде кеңінен қолдану қажет. Бұл ретте мемлекеттік тілде құжат әзірлеуді тек аударма жұмысы ретінде қабылдауға болмайды. Құқықтық құжат бастапқыдан мемлекеттік тілде ойластырылып, сол тілдің заңдық және грамматикалық ерекшеліктерін ескере отырып жазылғаны жөн. Себебі, бір тілден екінші тілге сөзбе-сөз аудару кезінде сөйлемнің бастапқы мағынасы мен құқықтық мазмұнының дәлдігі төмендеуі мүмкін. Сот төрелігінің басты мақсаты – заң талаптарын сақтай отырып, адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әділ шешім қабылдау. Ал осы мақсатқа қол жеткізудің маңызды құралдарының бірі – сапалы сот актісі. Сапалы сот актісі заңды, негізді және түсінікті болуы тиіс. Оның мемлекеттік тілде сауатты жазылуы сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Мемлекеттік тілде сапалы құқықтық құжат әзірлеу – әрбір сот қызметкерінің кәсіби жауапкершілігі. Бұл бағыттағы жұмыс бір күндік міндет емес, тұрақты түрде жетілдіруді қажет ететін маңызды процесс. Тілді құрметтеу, заң талаптарын сақтау және кәсіби сауаттылықты ұштастыру арқылы ғана құқықтық құжаттардың сапасын жаңа деңгейге көтеруге болады. Қорыта айтқанда, мемлекеттік тілдегі сапалы құқықтық құжат – заң талаптарының дұрыс қолданылуының, азаматтардың құқықтық ақпаратты еркін түсінуінің және сот төрелігіне деген сенімнің маңызды кепілі. Сондықтан, сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп қана қоймай, оның сапалы әрі кәсіби деңгейде қолданылуына ерекше мән берген жөн. Мемлекеттік тілде сауатты әзірленген әрбір құқықтық құжат – заң үстемдігін нығайтуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге қосылған нақты үлес.
Эльмира ЖАМАУОВА,
Қаражал қалалық сот әкімшісі басшысының орынбасары.
