Тіл – ұлттың рухани қазынасы, халықтың баға жетпес мұрасы. Ана тілін ардақтау – әр азаматтың ел алдындағы парызы. Тіл – адамдарды бір-біріне жақындастырып, өзара түсіністік пен татулықты нығайтатын құндылық
Осыған орай Қаражал қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде тіл мерекесіне арналған «Тіл – татулықтың тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінің негізгі мақсаты – оқырмандарға ана тілінің қадір-қасиетін түсіндіру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру. Көрмеге қазақ тілінің тарихы мен дамуы, тіл мәдениеті, шешендік өнер, қазақ әдебиеті мен көрнекті тіл жанашырлары туралы әдебиеттер қойылды.
Сонымен қатар, ұлттың рухани болмысын танытатын көркем шығармалар мен танымдық басылымдар оқырман назарына ұсынылды. Іс-шара барысында кітапханашылар тілдің адам өміріндегі маңызына тоқталып, ана тілін құрметтеу, таза сөйлеу және мемлекеттік тілді дамыту әрқайсымыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті. Тіл – халықтың бірлігі мен ынтымағының алтын діңгегі. Тілімізді құрметтеп, ұлттық мұрамызды ұлықтау – ел болашағына жасалған маңызды қадам. Кітап көрмесі оқырмандарға рухани ой салып, ана тіліміздің қадірін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Тлеухор БАЙШУКЕНОВА,
Қаражал қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры.
