Тазалық пен жасыл желекке оранған кеншілер шаһары

Қоршаған ортаны қорғау, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында Қаражал қаласында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы мен халықаралық World Cleanup Day (Дүниежүзілік тазалық күні) акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Шараға қала әкімі Айқын Елеусізов, мекеме және кәсіпорын қызметкерлері, ардагерлер кеңесі, жастар ұйымдары, еріктілер мен белсенді тұрғындар жұмыла қатысты.

Экологиялық акция барысында қала аумағындағы қоғамдық орындар, саябақтар, скверлер мен көше бойлары тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылып, санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте қалалық коммуналдық қызметтер мен жергілікті кәсіпорындар ерекше қолдау көрсетіп, қоқыстарды дер кезінде тиеп, полигонға тасымалдау үшін арнайы техникалар толық жұмылдырылды.

Сонымен қатар қаланы көгалдандыру бағытында арнайы жұмыстар қолға алынып, қала аумағы мен мекемелердің маңына жаңа тал көшеттері егілді. Бұл бастама шаһардың экологиялық келбетін жақсартып қана қоймай, жасыл аймақтардың көлемін арттыруға бағытталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды шаралар өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыруға зор үлес қосады.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы мен Дүниежүзілік тазалық күні аясындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары Қаражал қаласында жүйелі түрде жалғасын табатын болады.