1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай өңірімізде мейірім мен ізгілікті ту еткен «Ардағым – ардагерім» атты ауқымды қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Мерекелік бастама шеңберінде Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова, қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, жергілікті мекеме басшылары, сондай-ақ, «Мерейлі жандар» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, белсенді волонтерлер мен мектеп оқушылары аға буын өкілдерінің шаңырақтарына арнайы ат басын бұрды. Әр шаңыраққа қуаныш сыйлаған меймандар қазыналы қарттарымызды айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды сый-сияпаттарын табыс етті.
Кездесу барысында ақсақалдар мен ақжаулықты әжелерімізге ыстық ықылас білдіріліп, салиқалы әңгіме өрбіді. Жас еріктілер мен оқушылардың үлкенге деген шынайы құрметі кездесудің ажарын аша түсті. Мұндай ізгі жүздесулер – өңірдің өркендеуіне тер төккен аға буынның өмір жолы мен елеулі еңбегіне деген шексіз тағзымның көрінісі.
Жастардың өзіне деген ыстық ықыласы мен зор құрметіне тебіренген ардагерлеріміз ақжарма тілектерін айтып, толқып тұрып ақ батасын берді. Себебі, қариялардың ақ батасы мен өмірлік даналығы – ұрпақтан-ұрпаққа өтетін сарқылмас рухани қазына. Екі буынды тоғыстырған бұл игі шара ұрпақтар сабақтастығын арттырып, жас өрендердің бойына адамгершілік, ізеттілік пен мейірімділік дәнін егері сөзсіз.
Қарттарын қадірлеген елдің еңсесі биік. Өңіріміздің ақылшы темірқазығы болған қазыналы қарияларымызға мықты денсаулық, саналы да ұзақ ғұмыр, отбасыларына құт-береке тілейміз. Ыстық ықылас пен ізгілікке толы мұндай қайырымдылық бастамалары өңірімізде әлі де өз жалғасын таба береді.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
