Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті соңғы екі айда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде.
Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг. Соның ішінде атқарушылық іс жүргізу саласына мониторинг жүргізіліп, сот актілерінің толық әрі уақтылы орындалуына кері әсер ететін жүйелік мәселелер зерделенді. Мониторинг барысында анықталған мәселелер негізінде қолданыстағы рәсімдерді жетілдіруге және ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірленуде.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары белсенді жалғасуда. Талдаулар барысында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіндегі рәсімдер, шешім қабылдау тетіктері және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына жағдай жасауы мүмкін факторлар қарастырылады. Негізгі мақсат – жекелеген фактілерді анықтаумен шектелмей, тәуекелдердің жүйелік себептерін айқындап, оларды жою жөнінде нақты ұсынымдар әзірлеу.
Департамент тарапынан мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бағытындағы жұмыстарға да ерекше назар аударылуда. Бұл ретте артық әкімшілік рәсімдерді, қайталанатын функциялар мен негізсіз есептілікті қысқарту, процестерді цифрландыру және адам факторын азайту мәселелері зерделенуде. Мұндай жұмыс мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға да ықпал етеді.
Соңғы кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілермен кездесулер мен семинарлар өткізіліп, мүдделер қақтығысын болдырмау, белгіленген шектеулерді сақтау және қызметтік міндеттерді адал орындау мәселелері түсіндірілуде. Сонымен бірге квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі комплаенс-қызметтердің жұмысын жетілдіру мақсатында комплаенс-офицерлермен түрлі форматтағы кездесулер, пікір алмасулар және түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылуда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың салдарымен ғана емес, оның пайда болуына ықпал ететін себептер мен жағдайлармен жүйелі түрде жұмыс істеу. Осы бағытта департамент мемлекеттік органдармен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен және қоғам өкілдерімен өзара іс-қимылды жалғастырып, адалдық, ашықтық және заңдылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыратын болады.
Бекзат МҰХТАР,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы.
