Ұстаздық – терең білімді ғана емес, үлкен жүректі, табандылық пен төзімділікті талап ететін мәртебелі мамандық. Нағыз мұғалім шәкіртіне пәнді меңгертіп қана қоймай, оның бойына ізгілік пен жауапкершілік дарытып, болашаққа деген сенімін қалыптастырады. Осындай абыройлы міндетті отыз жылға жуық уақыт бойы адал атқарып келе жатқан жандардың бірі – Жәйрем кентіндегі № 10 жалпы білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Арайлым Жазыбекова.
1973 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген кейіпкеріміз жастайынан білім мен өнерге ерекше қызығушылық танытады. Сол қызығушылық оны 1990 жылы Жамбыл педагогикалық институтының «Көркем сурет-графика» факультетіне алып келіп, оқу орнын 1995 жылы сәтті тәмамдайды. Алайда, біліммен шектеліп қалмай, кәсіби ізденісін жалғастырып, 2021 жылы Шерхан Мұртаза атындағы Тараз университетін тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, екінші жоғары білім алады. Бұл оның үнемі ізденісте жүретін, заман талабына бейімделе білетін маман екенін көрсетеді.
Еңбек жолы 1996 жылы Жәйрем кентіндегі № 10 орта мектептен басталды. Содан бері білім ордасынан алыстамай, бір ұжымның қалыптасуы мен дамуына куә болып келеді. Уақыт өткен сайын мектеп ұстаз үшін жай ғана жұмыс орны емес, өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ал шәкірттері оның еңбегінің басты жемісі болып қала берді.
Тарих пәні арқылы жас ұрпақтың дүниетанымы мен ұлттық санасын қалыптастыруды басты міндет санайтын ұстаз әр сабағында оқушыларды елін сүюге, туған жерін қастерлеуге, ұлттық құндылықтарды бағалауға үндейді. Тарихи деректерді тәрбиелік маңызы бар мысалдармен ұштастыра отырып, әр баланың қызығушылығы мен қабілетіне ерекше көңіл бөледі.
Жинақталған тәжірибе оқу-тәрбие үдерісін нәтижелі ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Соның арқасында шәкірттері пәндік олимпиадалар мен түрлі білім сайыстарында табысты өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып келеді. Биылғы оқу жылында да мектеп бітіруші түлектердің тарих пәнінен көрсеткен нәтижелері жоғары деңгейде болды. Бұл — мұғалімнің тынымсыз еңбегі мен шәкірттеріне берген сапалы білімінің айқын көрінісі.
Ұстаздық қызметінде бес буын түлекті үлкен өмірге қанаттандырып шығарған педагог бүгінде алтыншы буын шәкірттерін білім бәйгесіне дайындауда. Жылдар бұрын алдынан білім алған оқушыларының түрлі салада табысты еңбек етіп жүргенін көру – оның ең үлкен қуанышы. Өйткені, әрбір шәкірттің жетістігі мұғалім еңбегінің бағасы саналады.
Кейіпкеріміз тек білікті ұстаз ғана емес, мектептің қоғамдық өміріне белсенді араласатын ұйымдастырушы ретінде де танылған. 2015-2024 жылдар аралығында кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметін атқарып, ұжым мүшелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауға елеулі үлес қосты. Әріптестер арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтастықты нығайту бағытында да табанды жұмыс жүргізді. Осы кезеңде әділдігімен, байыптылығымен және жауапкершілігімен ерекшеленді.
Жас мамандарға қамқорлық көрсету де оның жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне бағыт-бағдар беріп келеді. Сабырлы мінезі мен кәсіби шеберлігі арқасында ұжым арасында зор құрметке ие. Ата-аналар мен оқушылар арасында да беделі жоғары.
Көп жылғы қажырлы еңбегі мен білім беру саласына қосқан үлесі түрлі марапаттармен бағаланған. Қаражал қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, қалалық білім бөлімінің 2024 жылғы мақтау қағазы, Ұлытау облысының білім басқармасы ұйымдастырған «Өлкетану» жобасы бойынша берілген сертификат соның дәлелі. Сонымен қатар, кәсіподақ қозғалысын дамытуға және еңбек адамының мүддесін қорғауға қосқан үлесі үшін 2024 жылы арнайы медальмен марапатталды. Бұл марапаттардың барлығы тынымсыз еңбек пен кәсіби жауапкершіліктің нәтижесі екені сөзсіз.
Ұстазға сенімді тірек болып отырған отбасының орны ерекше. Жолдасы Асқар Әбдіманапұлы бұрғылау станогының машинисі болып еңбек етеді. Ұлы Болат кәсіпорында байытушы болса, қызы Аружан да жоғары білім алып, өндіріс саласында қызмет атқарып жүр. Ал кенже қызы Асилия мектепте білім алуда. Еңбек пен білімді өмірлік ұстаным еткен бұл отбасының әр мүшесі өз ісіне адалдықпен қарайды.
Арайлым Амантайқызының өмір жолы ұстаздық мамандыққа деген адалдықтың, үздіксіз ізденістің және шәкірт алдындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның әр сабағы, әр тәрбиелік іс-шарасы, әр шәкіртінің жетістігі — ұзақ жылдық еңбектің жемісі. Бес буын түлекті үлкен өмірге шығарып салып, алтыншы буын шәкірттерін маңызды сындарға дайындап отырған тәжірибелі педагогтің өнегелі жолы кейінгі жас мамандарға әрдайым үлгі болмақ.
Ұстаздар күні қарсаңында ардақты ұстазды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы еңбегіне толағай табыс, шығармашылық шабыт пен жаңа жетістіктер тілейміз. Деніне саулық, отбасына амандық, шаңырағына шаттық пен береке орнасын! Шәкірттерінің құрметіне бөленіп, абырой биігінен көріне берсін!
Теректі ШАҒАТАЙ.
