Сапқа дайын сарбаздар

Қазір еліміздің барлық өңірінде күзгі мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Қаражал қаласында да Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге ниетті жастарды медициналық тексеруден өткізу, зерделеу, іріктеу және әскери бөлімдерге бөлу жұмыстары жалғасуда.

Әскер – ел қауіпсіздігінің берік қалқаны. Ал сол қалқанның мығым болуы ең алдымен Отан қорғауға дайын, елінің тыныштығы мен тұтастығын өз жауапкершілігіне алатын азаматтарға байланысты. Сондықтан, әскери қызметті өтеу – жас жігіт үшін жай ғана міндет емес, азаматтық кемелдіктің, елге деген адалдықтың, патриотизмнің бір көрінісі. Қаражал қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Арман Мақажановтың айтуынша, соңғы жылдары әскер қатарына баруға ықылас білдіріп отырған жастардың қатары артып келеді. Бұрын әскерге шақырылған кезде түрлі себептермен баласын әскери қызметке жібермеуге тырысатын ата-аналар да кездесетін. Қазір мұндай жағдайлар айтарлықтай азайған. Керісінше, ата-аналар ұлдарының азаматтық борышын өтеп, өмірлік тәжірибе жинақтап, елге қызмет етуіне қолдау білдіруде. Бұл – қоғамдағы әскери қызметке деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын аңғартатын маңызды көрсеткіш. Өйткені, Отанды сүю – ұранмен ғана өлшенбейді. Оның нақты көрінісі – ел алдындағы міндетті адал атқару, қиындыққа төтеп беру, тәртіпке бағыну, жауапкершілік жүгін көтере білу. Әскер осы қасиеттерді қалыптастыратын өмір мектебі. – Қаражалдағы жастардың әскери қызметке деген қызығушылығы нақты көрсеткіштерден де байқалады. Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны кезінде Ұлытау облысының Қорғаныс істері департаменті тарапынан берілген тапсырма 103 пайызға орындалған. Бұл – өңірдегі азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеуге деген жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Ал күзгі шақыру науқаны аясында Қаражал қаласынан 40-қа жуық азаматты мерзімді әскери қызметке жөнелту жоспарланып отыр. Жас сарбаздар Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Ұлттық ұланға, сондай-ақ, Қарулы Күштер қатарына аттанады. Қазіргі таңда әскерге шақырылатын азаматтарды медициналық тексеруден өткізу, денсаулық жағдайын анықтау, олардың жеке ерекшеліктерін зерделеу және тиісті әскери командаларға тағайындау жұмыстары жүргізілуде, – дейді Арман Рысқалиұлы. Қаражал қаласындағы медициналық тексеру кезінде әскерге аттануға дайындалып жүрген жастардың көңіл-күйінен де олардың таңдауына деген сенімі байқалады. Солардың бірі – өзін Ақжол Берлібайұлы деп таныстырған № 1 Тірек мектебінің түлегі. Ол Отан алдындағы борышын өтеуді азаматтық міндеті санайды. – Мен Қаражал қаласындағы № 1 Тірек мектебінің түлегімін. Өзімнің Отан алдындағы әскери борышымды өтеу үшін Ұлттық ұланға баруға бел буып отырмын. Медициналық тексеруден де сәтті өттім. Денсаулығымда еш кемшілік болған жоқ. Енді өз арманымды жүзеге асыруға болады деп ойлаймын, – дейді жас азамат. Оның сөзінен қорқыныштан гөрі алдағы әскери өмірге деген қызығушылық басым екені аңғарылады. Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың тыныштығын қорғауға үлес қосу деген сөз. Сондықтан, Ақжолдың таңдауы – оның ел алдындағы жауапкершілігін сезінетінін көрсетеді. Әскерге баруға ниетті жастардың арасында өмір жолы әртүрлі азаматтар да бар. Александр Зырьянов есімді азамат бұған дейін Қарағанды облысында тұрған. Кейін отбасылық жағдайына байланысты Қаражал қаласына қоныс аударған. Қазір ол да өз еркімен әскери қызметке баруға ниет білдіріп отыр. Медициналық тексеруден өтіп, денсаулығының жақсы екенін дәлелдеген. Ал Илья Ребристый Қаражалдағы шахтада еңбек етеді. Жас жігіт үшін жұмысын жалғастыра беруіне де болар еді. Алайда, ол қатарластарынан қалмай, азаматтық міндетін орындауды жөн көрген. Ильяның қалаған әскери құрылымы – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері. Медициналық бақылаудан сәтті өткен ол әскери өмірге дайын екенін білдіріп отыр. Бұл жастардың таңдауы бір қарағанда әртүрлі болғанымен, мақсаты бір – Отан алдындағы борышын өтеу. Бірі – мектептен кейін бірден әскерге аттанғалы тұр. Екіншісі – басқа өңірден қоныс аударып келген азамат. Үшіншісі – шахтада еңбек етіп жүрген жұмысшы. Оларды біріктіретін ортақ құндылық – елге қызмет етуге деген ниет. Қазіргі жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік қасиет туралы сөз қозғағанда, оның нақты іспен көрінуі маңызды. Патриотизм – мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, туған жерді жақсы көру, ел тарихын білу ғана емес. Патриотизмнің ең биік өлшемдерінің бірі – қажет кезінде ел қорғауға дайын болу. Әскери қызмет осы жауапкершілікті іс жүзінде сезінуге мүмкіндік береді. Сарбаз сапқа тұрған күннен бастап жеке басының емес, тұтас бөлімнің тәртібі мен қауіпсіздігіне жауап беруді үйренеді. Уақытты бағалайды, бұйрықты орындауға, қиындықты бірге еңсеруге, жолдасына қолдау көрсетуге машықтанады. Бүгінгі сарбаз – ертеңгі ел азаматы. Әскерде алған тәртіп пен тәжірибе оның кейінгі өміріне де әсер етеді. Әскери орта жас жігітті шыңдап, төзімділікке, батылдыққа, ұқыптылыққа тәрбиелейді. Мемлекеттің қорғаныс қабілеті тек әскери техникамен немесе заманауи қару-жарақпен өлшенбейді. Оның ең басты тірегі – елін қорғауға дайын азаматтар. Қазақстанның бейбіт өмірі мен тұрақтылығын сақтау – баршаға ортақ міндет. Елдің қауіпсіздігіне жауап беретін кәсіби армияның қатарын толықтырып отырған мерзімді әскери қызметшілер де осы үлкен жүйенің маңызды бөлігі. Әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп отырған қазіргі кезеңде кез келген мемлекеттің қорғаныс қабілетіне қойылатын талап жоғары. Сондықтан, әскери даярлықтан өткен, Отан қорғаудың қыр-сырын меңгерген, жауапкершілігі қалыптасқан жастардың болуы – ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Сарбаздың саптағы әрбір қадамының артында үлкен ұғым – Отан тұр. Отан – туған үй, отбасы, туған қала ғана емес. Ол – баршаға ортақ ел, ортақ жер, ортақ болашақ. Сол болашақты қорғау жолында қызмет ету – абырой. Қаражалда күзгі шақыру науқаны кезінде медициналық тексеруден өтіп жатқан жастардың белсенділігі осыны көрсетеді. Олардың қатарында әскери қызметті кейінге қалдыруды емес, керісінше, мүмкіндігінше Отан алдындағы борышын өтеуді мақсат еткен азаматтар көп. Бұл көңіл қуантарлық үрдіс. Жастардың әскерге деген көзқарасының өзгеруі – тәрбиенің, отбасындағы патриоттық құндылықтардың және қоғамдағы азаматтық жауапкершіліктің артып келе жатқанын білдіреді.

 Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ