Құрметті жерлестер

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде еліміздің қалыптасуына өзінің өлшеусіз үлесін қосқан Алаштың асыл азаматтарын еске алып, тағзым етеміз.
Саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ халқының көрнекті, көзі ашық, көкірегі ояу қайраткерлері азап шекті. Олардың туған-туыстары мен жақындары да аяусыз зорлық-зомбылық көрді, қудаланды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде «Біз тәуелсіз еліміздің азаттығы мен ел бостандығы жолында құрбан болған арыстарымыздың мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етуге борыштармыз», – деген еді.
Қазақ елінің тарихында «Ұлы жұт» атауымен қалған ашаршылықтың экономикалық және демографиялық зардаптарының өте ауырлығы дәлелдеуді қажет етпейді. Біздің міндетіміз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасы мен оның жазықсыз құрбаны болған Алаштың ардақты ұлдарының қазақ тарихында атқарған игі істерін мәңгі есте сақтау.
Сол жылдары ең кемі бір жарым миллионнан астам адам Қазақстан жерінде ашаршылық құрбаны болса, 600 мың қазақ амалсыздан өз Отанын тастап, аштық пен ел ішін жайлаған індеттен бас сауғалауға мәжбүр болды. Бұл қасірет – біз мәңгі ұмытпайтын ауыр қайғы және тарихтың ащы сабағы.
Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Олай болса, арыстарымызға көрсетілген құрмет келешегіміздің жарқын болуына жол ашады.
Қазақстан халқының бірлігі жарасып, Отанымызда әрқашан бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім орнасын!
Елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгі болсын, ағайын!

Тілектес Досаев,

Қаражал қаласының әкімі.

Зәмзагүл Оспанова,
қалалық мәслихат хатшысы.