Құрметті қала тұрғындары! Қадірлі ұстаздар, оқушылар және ардақты ата-аналар!

Сіздерді жарқын мереке – 1 қыркүйек — Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Адамзатты өркениет көшіне бастап, ой-сананы биікке көтеретін бірден-бір күш – білім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деп айрықша атап өткен болатын.

Осы бағытта Ел Президенті мен Үкіметтің қолдауы арқасында өңірімізде жас ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбиеленуі үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Бүгін – жүрекке ыстық, ерекше қуанышты күн. Алғашқы қоңыраудың сыңғырымен бірге мыңдаған оқушы алтын ұясына, білім нәрімен сусындатар аяулы ұстаздарына оралып отыр.

Әсіресе, мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттап жатқан бүлдіршіндерімізге сәт сапар тілейміз. Әрбір шәкірттің табандылығы мен алғырлығы биік шыңдарды бағындырып, еліміздің мақтанышына айналуына тілектеспіз. Себебі, еліміздің ертеңгі болашағы – білімді жастардың қолында.

Құрметті ұстаздар мен ардақты ата-аналар!

Шәкірт санасына сәуле шашып, ерен еңбек етіп жүрген барша ұстаздар қауымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз әрдайым ақталсын, ал шәкірттеріңіздің жетістігі жүректеріңізге қуаныш сыйласын.

Сондай-ақ, балаларының әрбір қадамына тілеулес болып, қуанышын бөлісіп жүрген ата-аналардың да отбасына амандық пен береке тілейміз!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, жас ұрпақ, шәкірттеріміз зейінді болсын! Жаңа оқу жылы баршаңызға табысты әрі жемісті болсын!

Айқын ЕЛЕУСІЗОВ,

Қаражал қаласының әкімі.

Зәмзагүл ОСПАНОВА, 

қалалық мәслихат төрағасы.