Отбасы – қоғамдағы басты әлеуметтік институт

Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні – еліміздегі ең маңызды да қасиетті мерекелердің бірі. Бұл күн қоғамдағы басты әлеуметтік институт – отбасының рөлін көтеруге, адамгершілік құндылықтарды, ұлттық тәрбие мен өзара сыйластықты дәріптеуге арналады. Осы мереке қарсаңында Қаражал қаласында ұйымдастырылған «Мықты отбасы – мықты қоғам» атты ауқымды форум осы игі мақсаттардың айқын көрінісіне айналды. Мазмұнды басқосуға қала тұрғындары, ардагерлер, тәжірибелі мамандар мен жас отбасылар қатысып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Форумның салтанатты ашылуында сөз алған қонақтар берік отбасының тұрақты қоғамның басты алғышарты екенін атап өтті. Жиын барысында әр саланың өкілдері өзекті мәселелерді көтеріп, құнды пікірлерін ортаға салды. Шараның ең әсерлі сәті – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде топ жарған, 50 жылдан астам қол ұстасып, ғұмыр кешкен қадірлі қарттарымыз Есенбай Сағындықов атамыз бен Гүлзия Сағындықова апамыздың сөз сөйлеуі болды. Жарты ғасырлық тарихы бар өнегелі отбасы жастарға батасын беріп, шаңырақ шаттығының басты кілті – шынайы махаббат, сабыр мен өзара кешірім екенін айрықша жеткізді. Жиын жалғасында Қаражал қаласы полиция бөлімінің қоғам дық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Данияр Аман сөз алып, отбасы қауіпсіздігі, бала тәрбиесіндегі құқықтық жауапкершілік пен қоғамдық тәртіп мәселелеріне тоқталды. Ал «Керуен» отбасылық дәмханасының иесі, кәсіпкер Динара Байтасова отбасылық бизнес пен берекелі тірлікті қатар алып жүрудің қыр-сырын бөлісіп, кәсіпкерлік жолдағы отбасылық қолдаудың маңызын түсіндірді. Форумның тәжірибелік бөлімі басты спикер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанындағы ақпараттық түсіндіру пулының спикері, заң ғылымдарының магистрі Руслан Тоқатовтың арнайы тренингімен ұласты. Онда отбасылық қарым-қатынасты нығайту, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктердің алдын алу, тиімді коммуникация орнату жолдары көрсетіліп, қатысушылар қызықты психологикалық жаттығулар жасады. Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтап, әрбір шаңыраққа ырыс пен ынтымақ, береке мен бірлік тіледі. Өйткені, әрбір шаңырақтағы тыныштық пен береке – барша еліміздің тұтастығы мен жарқын болашағының кепілі. Мазмұнды жиын қатысушыларға ерекше рух беріп, отбасылық құндылықтарға деген көзқарасты жаңа сатыға көтерді.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ