Қоғамдық қабылдауда тұрғындардың мәселелері оң шешімін тапты

«Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының басшысы Ақжол Құрмансейіт Жәйрем кенті ГРЭ елді мекенінде мобильді қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауға Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансагимов, қалалық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Еркебұлан Байзақов және мемлекеттік мекемелер басшылары қатысты.
Қоғамдық қабылдауға жазылған 20-дан астам тұрғын 25 сұрақ бойынша жүгінді. Бірқатар мәселе қабылдау барысында шешімін тапты.

Мәселен, Жәйрем кентінің тұрғыны Күлшат Мусина 30 жыл бұрын сатып алған үйінің құжаттарын рәсімдей алмай жүргенін айтып келді. Үйдің бұрынғы иелері шетелге көшіп кеткен. Мәселені зерделеген филал басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы мамандарымен тиісті құқықтық кеңес беріп, мәселенің шешілу жолын көрсетті.

Ал, ГРЭ тұрғыны өртенген үйіне көмек сұрады. Оған қолданыстағы тәртіпке сәйкес өтемақы алуға құқығы бар екені түсіндіріліп, қабылдау барысында тиісті өтініш жазылды. Тұрғынға 100 АЕК көлемінде өтемақы төленеді.
Валентина Кабардинова ұлы Аманали Кабардиновқа жұмыс іздеп келді. Мүмкіндігі шектеулі азамат жақын уақытта Мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасады.

Жәйрем кенті тау-кен өндірісімен байланысты болғандықтан, елді мекен жанынан арнайы техникалық жолмен ауыр жүк көліктері жиі қатынайды. Қоғамдық қабылдау барысында бірнеше тұрғын көліктердің қозғалысынан жолдарда шаң көтеріліп, қолайсыздық туындайтынын айтты. Облыстық филиал басшысы Ақжол Құрмансейіт кент әкіміне мердігер компаниялармен бірлесіп, жолдарға тұрақты түрде су себу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.

Қабылдау барысында жылу мәселесі, аулаларды абаттандыру, инклюзия орталығын ашу және экологияға қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Мобильді қоғамдық қабылдау барысында қарт тұрғындарға медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлер кеңес берді.

«Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – тұрғындардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оның нақты шешілуіне ықпал ету. Бүгін Жәйрем тұрғындары бірқатар өзекті мәселені көтерді. Кейбір мәселелер қабылдау барысында тиісті мамандардың қатысуымен сол жерде шешімін тапты. Біз алдағы уақытта да ауылдық елді мекендерде қоғамдық қабылдаулар өткізуді жалғастырамыз. Шалғай ауылдарға барып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал етеміз», – деді Ақжол Құрмансейіт.

Жалпы жыл басынан бері Ұлытау облысында 19 мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, оған 90-ға жуық азамат қатысты. 40 пайыз мәселе оң шешімін тауып, қалған азаматтарға кеңестер берілді.