ӨНДІРІС ЕҢБЕККЕРЛЕРІНІҢ ӨТІНІШТЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Жәйрем тау-кен байыту комбинатында «Әділет» партиясы облыстық филиалының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары өтті.

Жәйрем – өңірдің өндірістік әлеуетін қалыптастырып отырған маңызды елді мекендердің бірі. Кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы тау-кен өндірісімен тығыз байланысты. Мұндағы ірі кәсіпорындардың тұрақты жұмысы тұрғындарды жұмыспен қамтып, жергілікті экономиканың дамуына серпін беріп келеді.

Кәсіпорын еңбек ұжымымен өткен кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Әбдікешов қатысты.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндіріс саласын цифрландыру, заманауи технологияларды енгізу және еңбек өнімділігін арттыру мәселелері сөз болды.

Кандидаттар «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, өңірлерді кешенді дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Бағдарламада өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне басымдық берілген.

«Әділетті Қазақстанды қалыптастыру ең алдымен өңірлердің тұрақты дамуынан басталады. Жәйрем сияқты өндірістік елді мекендердің әлеуетін арттыру, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және еңбек адамын қолдау – өңір экономикасын дамытудың маңызды тетігі», – деді кандидаттар.

Кездесу барысында комбинат еңбеккерлері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, өндірісті цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, еңбек жағдайын жетілдіру және өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстар айтылды.

Кездесуге қатысушылар еңбек ұжымының пікірлері мен ұсыныстары алдағы жұмыс барысында ескерілетінін атап өтті.