Меншік құқығы — азаматтардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды кепілдіктердің бірі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабына сәйкес, азаматтардың заңды түрде сатып алған кез келген мүлкін жеке меншігінде ұстауға құқығы бар. Меншік құқығы мен мұрагерлік құқыққа заңмен кепілдік беріледі. Сонымен қатар ешкімді өз мүлкінен сот шешімінсіз айыруға болмайды. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару заңда көзделген ерекше жағдайларда және оның құны тең дәрежеде өтелген жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Меншік құқығын қорғау тетіктері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде де белгіленген. Кодекстің 259–267-баптарына сәйкес, меншік иесі өз құқығын тануды, мүлкін басқа тұлғаның заңсыз иеленуінен қайтаруды және өз құқықтарының бұзылуын жоюды талап етуге құқылы. («Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі)
Меншікті қорғау — азаматтар мен кәсіпкерлердің еңбегінің нәтижесін және заңды мүдделерін қорғау. Өз құқықтарын білу және заң талаптарын сақтау құқық бұзушылықтардың алдын алуға әрі қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға ықпал етеді.
Меншікке құрметпен қарау, заңдылық пен әр адамның жауапкершілігі — әділетті әрі құқықтық қоғамның маңызды негіздері.

