Мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын сақтау – басты міндет

Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді заң талаптарына сәйкес адал, сапалы және жауапкершілікпен орындау.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет саласындағы қатынастар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңмен реттеледі. Аталған заң мемлекеттік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату тәртібін, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың қызметтік әдеп нормаларын айқындайды.

Мемлекеттік қызметші өз қызметінде заңдылық, адалдық, ашықтық, кәсібилік және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс. Қызметтік өкілеттіктерді жеке мүддеге пайдалануға, мүдделер қақтығысына және сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерге жол бермеу – әрбір мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеттерінің бірі.

Халқымызда «Адалдық – ардың ісі» деген тағылымды сөз бар. Бұл қағида мемлекеттік қызметші үшін де ерекше мәнге ие. Себебі мемлекеттік қызметтегі адалдық пен әділдік азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін қалыптастырады.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметші қызметтік әдепті сақтап, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен мәдениеттілік танытуы қажет. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген халық даналығы қызметтік қарым-қатынаста да өз маңызын жоғалтпайды.

Заң талаптарын сақтау – тек жауапкершіліктен сақтану емес, ең алдымен, мемлекет пен қоғам алдындағы абыройлы міндет. Әрбір мемлекеттік қызметші өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заңды қатаң сақтаған жағдайда ғана мемлекеттік қызметтің беделі артып, халықтың сенімі нығая түседі.

Қорыта айтқанда, заңға құрмет – елге құрмет. Мемлекеттік қызметші үшін адал еңбек, жоғары кәсібилік және заң талаптарын мүлтіксіз сақтау – қызметтік міндеттің ғана емес, Отан алдындағы азаматтық жауапкершіліктің де көрінісі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қрықбай Раим Серікұлы