Ұлытау төрінде халық шығармашылығының республикалық XXXIV дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі өз шымылдығын ашты.
Ұлттық өнерді ұлықтаған мәдени шараға еліміздің әр өңірінен өнерпаздар, өнер саласының майталмандары, шығармашылық ұжымдар мен қонақтар жиналды.

Фестивальдің ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен қатысушылар мен қонақтарға құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық өнерді сақтау мен дамыту, дәстүр сабақтастығын жалғастырудың маңызын атап өтті.

Үш күнге жоспарланған фестиваль аясында дәстүрлі ән, жыр, терме, айтыс, эстрада және аспаптық өнер бағыттары қамтылады. Сонымен қатар жас таланттар мен тәжірибелі өнерпаздардың басын қосатын түрлі байқау ұйымдастырылады.

Фестивальді тарихи іс-шараның бастау алған сәтінен қатысқан өнер майталмандары бастап, бүгінгі буын өнерпаздары жалғады.

Фестиваль бағдарламасы алдағы үш күн бойы Ұлытау облысының өнер және мәдениет нысандарында жалғасады. Бүгін сағат 11:00-де дәстүрлі ән байқауы өтсе, Жезқазған қаласындағы «Шабыт» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналған мультиаспапшылар байқауы ұйымдастырылады.
