Ұлытау облысында Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына белсенді қатысқан азаматтар марапатталды

Ұлытау облыстық «Әділет» партиясы филиалының ғимаратында Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны кезінде белсенділік танытып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасын халық арасында кеңінен насихаттауға үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға сайлауалды штаб мүшелері, партия қызметкерлері, партияластары мен белсенді жастар қатысты.

Жиында құттықтау сөз сөйлеген партия филиалының төрағасы Ақжол Құрмансейіт сайлау науқанының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Оның айтуынша, сайлау науқаны барысында Ұлытау облысында 60 мыңға жуық тұрғын қамтылып, 500-ге жуық кездесу және 3 мыңнан астам іс-шара мен акция өткізілген.

– Бұл – бірлесе атқарған ауқымды жұмыстың нәтижесі. Сайлау науқаны кезінде әрбір штаб мүшесі, партия қызметкері мен белсенді партиялас халықпен тікелей байланыс орнатып, үгіт-насихат жұмыстарын сапалы жүргізуге атсалысты. Баршаңызға еңбектеріңіз бен белсенділіктеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деді Ақжол Құрмансейіт.

Марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау науқанын Ұлытау облысында жоғары деңгейде өткізуге қосқан үлесі үшін бірқатар азаматқа «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебайдың атынан Алғыс хаттар табысталды.

Марапат иелері қатарында сайлауалды штаб мүшелері, партия қызметкерлері, партияластары мен белсенді жастар бар.