«Ұлытау барысы» атанған балуан

Қазақ күресі – халқымыздың қайсар мінезін, ұлттық рухын, ер жігіттің намысын танытатын қасиетті спорт түрі. Бұл белдесулерде балуанның күші ғана емес, оның сабыры, төзімі, жігері мен рухы сыналады. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, талай халықаралық додаларда туған жерінің абыройын қорғап жүрген спортшылардың бірі – қаражалдық Қайрат Бейсенов.

Жуырда Жаңаарқа ауданында өткен «Ұлытау барысы» облыстық турнирінде Қайрат қарсыластарының барлығын жеңіп, жарыстың бас жүлдесін иеленді. Ұлытау облысының ең мықты балуандары бас қосқан байрақты бәсекеде топ жару – үлкен еңбектің, табандылықтың және жылдар бойғы дайындықтың нәтижесі. Осы жеңісі арқылы жерлесіміз республикалық «Қазақстан барысы» турниріне жолдама алды. Алғашқы қадам Бүгінгі таңда Қаражал қаласының атын республикаға танытып жүрген Қайрат Қаражал қаласында туып-өскен. Оның спортқа деген қызығушылығы бала күнінен қалыптасқан. Тоғыз жасынан бастап спортпен тұрақты айналысып, өзін тәртіпке, төзімділікке және мақсатқа ұмтылуға тәрбиеледі. Алғашқы таңдаған спорт түрі – дзюдо. Бұл спорт оған жай ғана күш сынайтын сайыс емес, адамның мінезін қалыптастыратын үлкен мектеп ретінде әсер етті. – Дзюдоға алғаш келген кезден-ақ бұл спорт түрі маған ерекше ұнады. Себебі, дзюдо тек күш пен әдіс-тәсілді ғана емес, тәртіпті, сабырлылықты, төзімділікті және қарсыласқа деген құрметті үйретеді. Осы қасиеттер мені спортқа одан әрі баурай түсті, – дейді Қайрат Бейсенов. Спорттағы алғашқы ұстазы әрі осы күнге дейінгі бапкері – Дүйсенбай Тәжкеев. Білікті бапкер жас спортшының бойындағы қабілетті байқап, оны шыңдауға бар күшін салды. Бала күнінен бастап талай жарыстарға дайындап, жеңістің қадірін де, жеңілістің сабағын да түсіндірді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс спортта ерекше орын алады. Себебі, жеңіс жолында спортшының жанында әрдайым бағыт-бағдар беретін, жігерлендіретін адамның болуы маңызды. Қайрат үшін Дүйсенбай Тәжкейұлы – тек жаттықтырушы ғана емес, спорттағы жолын қалыптастырған үлкен тұлға. Жеңістерге бастар жол Спортшының алғашқы жетістіктері де балалық шағынан басталды. Павлодар қаласында өтетін халықаралық турнирге іріктеу ретінде ұйымдастырылған қалалық жарыста жүлделі орын алып, үлкен спортқа алғашқы қадамын жасады. Әрбір жеңіс жас балуанға жаңа сенім сыйлады. Ал әрбір жеңіліс оны жігерлендіріп, кемшіліктерін түзетуге үйретті. Спорт жолы – тек жеңістерден құралмайды. Оның артында күнделікті жаттығу, маңдай тер, тәртіп пен үлкен еңбек жатыр. Қайрат Бейсенов те осы жолда талай қиындықты еңсеріп, әр жарыстан тәжірибе жинады. – Спортта жеңіс те, жеңіліс те болады. Ең бастысы – әр жарыстан сабақ алып, алға қарай ұмтылу. Жеңіліс адамды шыңдайды, ал жеңіс одан әрі еңбектенуге жігер береді, – дейді балуан. Қайрат Бейсеновтің спорттық мансабындағы ең маңызды жетістіктерінің бірі – 2025 жылы Францияның Париж қаласында өткен шеберлер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде иеленуі. Әлемнің әр түкпірінен жиналған мықты спортшылар арасындағы бәсекеде Қазақстанның, оның ішінде туған жері Қаражал қаласының намысын қорғау – үлкен жауапкершілік еді. Осындай биік деңгейдегі жарыста жүлдеге ілігу спортшының кәсіби шеберлігін ғана емес, оның табандылығын да көрсетті. Бұл жетістіктің артында жылдар бойғы жаттығу, спортқа деген адалдық пен үздіксіз ізденіс жатыр. Ұлттық спортқа деген құрмет Дзюдомен қатар Қайрат Бейсенов қазақ күресіне де ерекше көңіл бөліп келеді. Оның айтуынша, қазақ күресі – халқымыздың тарихымен, салт-дәстүрімен сабақтас, ұлттық рухты көтеретін спорт. «Ұлытау барысы» турниріндегі жеңісі де осы бағыттағы ең маңызды белестерінің бірі болды. Себебі, бұл жарыс – облыстың ең мықты балуандарын анықтайтын, үлкен жауапкершілікті талап ететін дода. Қарсыластары мықты, бәсекесі жоғары турнирде топ жару үшін тек физикалық дайындық емес, мықты психологиялық дайындық та қажет. Кез келген спортшының жетістігінің артында еңбегімен бірге оны қолдайтын жандар тұрады. Қайрат Бейсенов те өзінің жеңістерін ата-анасының қолдауымен, ұстазының еңбегімен және жақындарының сенімімен байланыстырады. Отбасының қолдауы, бапкердің тәжірибесі және спортшының өз талпынысы – үлкен нәтижелерге жеткізетін негізгі факторлар. Бүгінде Қайрат Бейсенов тек жеңістерге ұмтылған спортшы ғана емес, кейінгі буынға үлгі боларлық азамат. Ол өз еңбегі арқылы Қаражал қаласынан да ел намысын қорғайтын мықты спортшылар шығатынын дәлелдеп келеді. Алдағы мақсат – биік белестер «Ұлытау барысы» атанған Қайрат Бейсенов енді республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде бақ сынайды. Бұл – оның спорттық жолындағы кезекті үлкен сынақ. Спортшының басты мақсаты – ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның көк туын халықаралық жарыстарда жоғары көтеру. – Мен үшін спорт – жай ғана жарыс емес. Спорт – өмір салты, тәртіп, мінез және өзіңді күн сайын жеңуге деген талпыныс. Сондықтан, қанша жасқа келсем де, спортпен байланысымды үзбей, әлі талай белесті бағындыруға ниеттімін, – дейді Қайрат. Қайрат Бейсеновтің спорттағы жолы – табандылық пен еңбектің жемісі. Ол өзінің әр жеңісі арқылы туған қаласының мерейін өсіріп, жас спортшыларға жігер беріп келеді. Қаражалдың қайсар ұлының алдағы жарыстарда да жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспіз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ