Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы хабарландыру

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі, жұмыс берушілердің Ұлттық палатасы, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар Федерациясы 2023 жылғы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсын өткізудің басталғаны туралы хабарлады.

Осыған байланысты, Қаражал қаласының және Жәйрем кентінің барлық жұмыс берушілері мен кәсіпкерлерін аталған байқауға қатысуға шақырамыз.

Конкурс халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.

Конкурстың өңірлік және республикалық кезеңдеріне қатысу тегін. Байқау қорытындысы жыл соңында шығарылады.

Байқау 4 номинация бойынша өткізіледі:

1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» (бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, өңірдің әлеуметтік жобаларын іске асыруға қатысуға, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекке ақы төлеуді және әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру, кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау жүйелері, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың барынша көп санын жұмысқа орналастыру және т.б.) іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады).

2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» (бұл номинацияда еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады).

3) «Үздік ұжымдық шарт» (бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады).

4) «Экологияға қосқан үлесі үшін» (бұл номинацияда қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады).

Сонымен қатар, Конкурста «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы бекітіледі.

Бұл арнайы сыйлықта бизнес іске асыратын, халықтың әлеуметтік осал және аз қамтылған топтарының жұмыспен қамтылуына және (немесе) тұрмыс жағдайларын жақсартуға ықпал ететін әлеуметтік жобалар қарастырылады.

«Парыз-2023» конкурсына қатысу қағидалары мен тәртібі туралы толық ақпарат алу үшін Қаражал қаласының жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне,  Қаражал қаласы, Сары Тоқа көшесі, 1 мекен-жайы бойынша хабарласуға болады ( телефон —  8(71032) 2-62-84).

Конкурсқа қатысу үшін құжаттар 2023 жылдың 01 шілдесіне дейін қабылданады.