Қаражал қалалық мәслихатының сегізінші шақырылған кезекті XLVІІІ сессиясы өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және коммуналдық саланы жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Сессияны Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова ашып, жүргізді. Жиынға қала әкімі Айқын Елеусізов, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары, Жәйрем кентінің әкімі, Қоғамдық кеңес мүшелері, бөлімдер мен мекемелердің басшылары, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде Қаражал қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі тыңдалды. Қала әкімі атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер жөнінде баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар әкімнің есебін назарға алды.
Сессия барысында Қаражал-Жәйрем өңірінің 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындығы жан-жақты сөз болды. Бұл жөнінде Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Камила Баратбаева, Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов және білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсова баяндама жасады. Халық қалаулылары әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қысқы маусымға әзірлігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, тиісті шешімдер қабылдады.
Күн тәртібінде бюджеттік жоспарлау мен стратегиялық даму бағытындағы мәселелер де қаралды. Атап айтқанда, Қаражал қалалық мәслихатының «2026-2028 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» және «Ұлытау облысы Қаражал қаласының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізілді. Тиісті баяндама экономика және қаржы бөлімінің маманы Перизат Баймышева тарапынан ұсынылды.
Сонымен қатар, депутаттар тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі мен мөлшерін айқындау, сондай-ақ, Қаражал қаласында 2026-2030 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту мәселелерін қолдады.
Сессия отырысында қалалық әкімдіктің дербес құрамын келісу, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялардың құрамдарына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Бұдан бөлек, тұрғын үй комиссиясының жаңа құрамы бекітілді.
Күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер бірауыздан қабылданды. Сонымен қатар, сессияға қатысушылар көтерген сұрақтарға толық жауап беріліп, олардың орындалу мерзімдері нақтыланды.
Сессия жұмысын қорытындылаған мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова қабылданған шешімдердің Қаражал қаласы мен оған қарасты елді мекендердің тұрақты дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдегі өзекті мәселелерді жүйелі шешуге ықпал ететінін атап өтті.
Осылайша, сегізінші шақырылған Қаражал қалалық мәслихатының кезекті XLVІІІ сессиясы өз жұмысын нәтижелі аяқтап, күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдады.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық мәслихаттың депутаты.
