Қазақтың жаны мен жүрегінен ойып тұрып орын алған, халқымыздың көгіне күн болып шыққан ұлы ғұлама, дана ақын Абай Құнанбайұлының мұрасы – ұлтпен бірге мәңгі жасайтын өлмес қазына. Ұлы ақынның туған күніне орай Қаражал қаласында Абайдың рухына тағзым етіп, мол мұрасын ұлықтаған тағылымды рухани шара өтті.
Қала әкімдігі, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жалынды жастар бас қосқан рухани жиында даналықтың символына айналған Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі ерекше салтанатпен ұйымдастырылды. Қаражал қаласындағы Абай ескерткішінің маңы сол күні ерекше нұрға бөленді. Жиналған көпшіліктің жүзінен ұлы ұстазға деген шексіз құрмет, тебіреніс пен мақтаныш сезімі анық байқалды. Бұл – жай ғана гүл қою рәсімі емес, атадан балаға аманат болған асыл сөзге, қазақтың қайсар рухы мен ұлттық құндылықтарына көрсетілген зор құрмет еді. Салтанатты рәсім барысында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Думан Бүкірбаев, Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова бастаған қала басшылығы мен зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішінің тұғырына гүл шоқтарын қойып, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз – ұлы Абайдың рухына тағзым етті. Жиында сөз алған ақсақалдар Абайдың әрбір сөзі ұлттың рухани темірқазығы екенін атап өтіп, кемеңгер ақынның өшпес мұрасының маңызына тоқталды. Ұлы ойшылдың шығармалары ғасырлар өтсе де өзектілігін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келе жатқаны айтылды. Салтанатты шара барысында Абайдың халықтың жүрегімен біте қайнасқан әндері шырқалды. Әсем әуен кең даланы кернеп, жиналған жұртшылыққа ерекше әсер сыйлап, олардың жүрегінде терең тебіреніс тудырды. Ал қаланың жалынды жастары ақынның өлеңін жатқа оқып, дана ойларын көпшілікке жеткізді. Әрбір оқылған шумақтан туған жерге деген сүйіспеншілік, адамгершілік, адалдық пен елге деген құрмет сезілді. Бұл игі шара Қаражал қаласы тұрғындарының рухани бірлігін, ұлттық құндылықтарға деген адалдығын тағы бір мәрте айшықтады. Ұлы Абайдың рухына тағзым еткен бұл күн өскелең ұрпақтың санасына имандылық, адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін сіңіретін тағылымды шараға айналды. Кемеңгердің сөзі – ұрпаққа аманат, мұрасы – мәңгілік қазына. Абай есімі ел жадында мәңгі жасай бермек.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ

