Күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды

Балаға сапалы білім беру үшін ең алдымен оның білім алатын ортасы қауіпсіз, қолайлы және заманауи болуы қажет. Өйткені, мектеп тек білім беретін орын ғана емес, жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды әлеуметтік нысан.

Осы тұрғыдан алғанда, Жәйрем кентіндегі № 30 жалпы білім беретін мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының маңызы ерекше. Жоба білім беру жағдайларын жақсартуға, ғимараттың техникалық жай-күйін жаңартуға және оқушылар мен педагогтер үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. 50 жылдан астам уақыт күрделі жөндеу көрмеген мектеп ғимаратын жаңғырту жұмыстары 2025-2026 жылдарға жоспарланған болатын. Қазіргі таңда жобаны «Азамат құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жобаның алғашқы кезеңінде 2025 жылы мектептің 3-блогына күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл жұмыстар 1 және 2 блоктарды қамтып отыр. Сонымен қатар, ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық негізгі инженерлік жүйелер ауыстырылуда. Атап айтқанда, жылыту, сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау және желдету жүйелері жаңартылуда. Барлық терезелер заманауи үлгідегі жаңа терезелерге ауыстырылып, санитарлық тораптар толық қайта жабдықталуда. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі жүйелері қолданыстағы талаптарға сәйкес жаңадан орнатылуда. Мектептің ішкі бөлмелерінде сылау және әрлеу жұмыстары жүргізіліп, спорт залдың төбесі жаңартылуда. Бұл жұмыстардың барлығы ғимараттың қауіпсіздігін арттырумен қатар, оқу процесін ұйымдастыруға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Айта кету керек, мердігер ұйым келісімшартта қарастырылған жұмыстармен ғана шектелген жоқ. Әлеуметтік жауапкершілік аясында мектепке қосымша қолдау көрсетіп, өз қаражаты есебінен жалпы құны 10 млн теңгені құрайтын шатыр жиегін (карниз) және су ағызу жүйесінің элементтерін орнатып берді.

Бұл мектеп ғимаратын жауын-шашынның әсерінен қорғауға, қасбет пен қабырғалардың ұзақ мерзім бойы сақталуына мүмкіндік береді. Мұндай бастама мердігер ұйымның жауапкершілігін ғана емес, әлеуметтік нысандарға деген жанашыр көзқарасын да айқын көрсетеді. Бүгінде мектептің сыртқы қасбетін жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар, 1 және 3 қабаттардағы ішкі жөндеу жұмыстары да аяқталды. Қазіргі уақытта 1 және 2 блоктарда әрлеу жұмыстарын аяқтау, санитарлық тораптарды толық жабдықтау және инженерлік жүйелерді іске қосу жұмыстары жалғасуда. Жөндеу аяқталғаннан кейін оқу кабинеттері мен қосалқы бөлмелердің жай-күйі айтарлықтай жақсарады. Жаңартылған инженерлік жүйелер ғимараттың сенімді жұмысын қамтамасыз етсе, жаңа терезелер мен желдету жүйесі қолайлы микроклимат қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал электр және өрт қауіпсіздігі жүйелерінің жаңартылуы қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттырады. Спорт залдың жаңартылуы да маңызды өзгерістердің бірі болмақ. Бұл оқушылардың дене шынықтыру сабақтарын сапалы өткізуіне және спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасайды. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде оқу процесін үздіксіз ұйымдастыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектеп штаттық режимде жұмыс істеп келеді. Оқушылар білім алуда, ал мұғалімдер оқу процесін қалыпты тәртіпте жүргізуде. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақтарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты бақылауда. Құрылыс пен оқу процесін қатар ұйымдастыру жоғары жауапкершілікті талап етеді. Осыған байланысты оқушылардың құрылыс алаңдарына кіруіне жол бермеу, қауіпсіз қозғалыс бағыттарын ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше мән берілуде. Жобаға сәйкес № 30 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын 2026 жылғы 7 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта барлық жұмыстар бекітілген кестеге сай қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінде жөндеу толық аяқталған ғимарат бөліктерін мектептің кіші қызметкерлері жуып, тазалау жұмыстарын атқаруда. Кей кездері олардың түннің бір уағына дейін еңбек етіп жүргенін де байқаймыз. Ал мектеп директоры Жанар Жиенбаеваны бұл нысанда тәулік бойы жүр десек, артық айтқандық емес. Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов және Қаражал қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсова да жөндеу жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстап, нысанға жиі барып тұрады. Мұның барлығы жұмыстың сапалы әрі уақытылы аяқталып, оқушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Осындай ауқымды жобаларда ең басты мақсат — жұмысты мүмкіндігінше тез аяқтау емес, оның жоғары сапада орындалуын қамтамасыз ету екені белгілі. Өйткені, бүгін жаңартылып жатқан мектеп ғимараты алдағы ондаған жылдар бойы оқушылар мен педагогтердің игілігіне қызмет етеді. Сондықтан, жұмыстардың талапқа сай әрі сапалы орындалуын жауапты ұйымдармен қатар жергілікті қауымдастық өкілдері мен Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары жіті назарда ұстап отырмыз. Білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бұл маңызды жоба аяқталғаннан кейін білім ордасы заманауи талаптарға толық сай келетін, қауіпсіз әрі жайлы білім беру кеңістігіне айналады. Жаңартылған мектептің материалдық-техникалық базасы жақсарып, оқушылардың сапалы білім алуына және жанжақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ең бастысы, бүгін атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі ұзақ жылдар бойы тұрғындар игілігіне қызмет етпек. Сондықтан, бұл жоба жай ғана құрылыс немесе жөндеу жұмысы емес, өскелең ұрпақтың болашағына салынған маңызды инвестиция. Жаңарған № 30 мектеп жас буынның білім мен тәрбие алуына қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, Жәйрем кентінің әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға өз үлесін қосады. Сол себепті № 30 мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуы тек жауапты мекемелердің ғана емес, бүкіл жәйремдіктердің ортақ мүддесі мен ортақ жауапкершілігі болып қала береді.

 Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.