Өңір — «Жасыл аймақта», алайда босаңсуға болмайды

Бүгінде коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында Қаражал-Жәйрем өңіріндегі тиісті сала мамандарының қатысуымен арнайы іс-шара жоспары бекітілген. Ол жерде тек емдеу мекемелерінде төсек-орындар ұйымдастыру ғана емес, дәрі-дәрмек қорын жасақтау, қатерлі дерттің алдын алу сынды өзекті мәселелер қамтылған.

Ең бастысы, арнайы жабдықталған аурухана эпидемиологиялық ахуал ушыға қалған жағдайда сырқаттарды шұғыл қабылдап, көмек көрсетуге сақадай сай дайын. Онда қажетті дәрі-дәрмек көлемі жеткілікті. Мамандар арнайы курстардан өтіп, біліктіліктерін шыңдаған.

– Бүгінгі күні жалпы Ұлытау облысы, оның ішінде, Қаражал-Жәйрем өңірі – «жасыл аймақта». Өңірдегі эпидахуалды ушықтырмау үшін аймақ тұрғындары сақтық шараларына аса мән берулері керек. Түсінеміз, қазір жаз уақыты. Бәріміздің ел көргіміз, жер көргіміз келеді. Сыртқары аумақтарға сапарға шыққанда ауру асқынған аймақтардан мейлінше алшақ болған жөн. Көпшілік орындарда бетперде тағу, антисептиктер пайдалану, санитарлық талаптарды қатаң сақтау сияқты қарапайым тәсілдерді қатты ұстану керек. Сақтансақ – сау боламыз, – дейді Қаражал қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Орынай Жұбатова.

Орынай Амантайқызының айтуынша, Қаражал-Жәйрем өңірінде екпе түрлері жеткілікті және пайдалану мерзімі де уақытпен сәйкес. Осы сәйкестікті пайдаланып, екпе алу және қайыра егілу жұмыстары қалада қарқынды ұйымдастырылып отыр. Атап айтар болсақ, бүгінгі күнге 3 382 адам қайыра егілуі қажет болса, қазір оның 886-сы «Pfizer» (Комиранти), 93-і «QazVac» екпелерін алып үлгерген.

«Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мұрындық болуымен Қаражал-Жәйрем өңірінде екпе алу және қайыра екпе жасау қажеттілігін түсіндіретін ақпараттық жұмыстар қолға алынған. Бұл елдің осы маңызды іске жауапкершілігін арттырарына сенімдіміз» дейді басқарма басшысы.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ