Ерекше жандарға – тең мүмкіндік

Еліміз үшін саяси маңызы зор науқан – Құрылтай депутаттарын сайлауға санаулы күндер қалды. Қазір сайлау учаскелерінде дайындық жұмыстарының соңғы пысықтаулары жүргізіліп, сайлаушылардың өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жасауына қажетті жағдайлар жасалуда. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сайлау құқығын толыққанды жүзеге асыруына мүмкіндік беру мәселесіне айрықша мән беріліп отыр. Қаражал қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мейрам Сыздықовпен әңгімеміз осы тақырыпқа орай өрбіді.

– Мейрам Төкенұлы, Қаражал қаласының Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындығы қандай деңгейде? – Қазіргі таңда Қаражал қаласында сайлауға дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, соңғы кезеңіне келіп отыр. Барлық сайлау учаскелерінде қажетті ұйымдастыру шаралары атқарылып, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жұмыстары толық орындалды. Қала бойынша 14 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олардың барлығы сайлаушыларды қабылдауға дайын. Қазір сайлаушылар тізімдері нақтыланып, тиісті құжаттар мен қажетті сайлау жабдықтары ретке келтірілуде. Біздің басты мақсатымыз – сайлау күнінде әрбір азаматтың өз конституциялық құқығын еркін пайдалануына мүмкіндік жасау. Осыған байланысты сайлау учаскелерінің дайындығына, комиссия мүшелерінің жұмысына, сайлаушыларға көрсетілетін қызмет сапасына ерекше көңіл бөлініп отыр. – Жуырда облысымызға келген Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілдері ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сайлауға қатысуына жасалған жағдайларға баса назар аударды. Қаражал қаласында бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды? – Бұл – біз үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Сайлау – әр азаматтың таңдау құқығын жүзеге асыратын маңызды қоғамдық-саяси шара. Сондықтан, адамның денсаулығына немесе мүмкіндігіне байланысты сайлау құқығын пайдалануда қандай да бір кедергі болмауы керек. Қазіргі таңда қаладағы сайлау учаскелерінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауға басымдық берілді. Соңғы нақтылау деректеріне сәйкес, қалада 40 мүгедектігі бар азамат сайлаушы ретінде тіркелген. Олардың дауыс беруіне ыңғайлы болуы үшін сайлау учаскелерінде тактильдік белгілер, арнайы дауыс беру кабиналары, ақпараттық бұрыштар және қажетті техникалық құралдар қарастырылған. Бұдан бөлек, арнайы компьютерлер, құлаққаптар, ұлғайтқыш құрылғылар және Брайль қарпімен жазылған бюллетеньдерді оқуға мүмкіндік беретін трафареттер дайындалған. Мұның барлығы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беру рәсіміне басқа сайлаушылармен тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік береді. – Ал ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сайлау учаскесіне жету мәселесі қалай шешіледі? – Бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Азаматтардың сайлау учаскесіне кедергісіз жетіп, өз таңдауын жасауына жағдай жасау үшін сайлау күні екі инватакси мен еріктілер қызмет көрсетеді. Яғни, қозғалысы шектеулі азаматтарға сайлау учаскесіне жетуге көмек көрсетіледі. Мұндай азаматтар өздерінің қажеттілігі туралы алдын ала хабарласа алады. Сайлау күні олардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы ескеріліп, тиісті көмек ұйымдастырылады. Сонымен бірге, денсаулық жағдайына немесе басқа да объективті себептерге байланысты сайлау учаскесіне мүлдем келе алмайтын азаматтардың да дауыс беру құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік бар. Осындай сайлаушылардың дауысын үйінде қабылдау үшін арнайы көлік пен сайлау комиссиясының мүшелері дайындалды. – Бұл жұмыстарды ұйымдастыруда комиссия мүшелерінің дайындығы қаншалықты маңызды? – Өте маңызды. Сайлау учаскесінің материалдық жағынан дайын болуы бір мәселе болса, сол жерде жұмыс істейтін комиссия мүшелерінің біліктілігі мен жауапкершілігі одан кем емес. Комиссия мүшелері сайлау рәсімдерінің талаптары мен тәртібін жақсы білуі тиіс. Әрбір сайлаушыға заң талаптарына сәйкес қызмет көрсетіліп, дауыс беру процесінің ашықтығы мен заңдылығы қамтамасыз етілуі қажет. Осыған байланысты комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыруға, олардың практикалық дайындығын пысықтауға баса мән беріліп отыр. Сайлау күні туындауы мүмкін түрлі жағдайлардың алдын алу және оларды заң аясында шешу жолдары да қарастырылды. – Мейрам Төкенұлы, мазмұнды әңгімеңізге рақмет. Алдағы саяси науқанды абыроймен өткізуге тілектеспіз. – Рақмет. Сайлау – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан, алдағы саяси науқанның талапқа сай, ұйымдасқан әрі жоғары деңгейде өтуіне атсалысу – барлығымыздың міндетіміз.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.