Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда деструктивті ағымдарды ұстанушылар саны 20 мыңнан асады. Олардың жетегіне ерген 800-ден астам қазақстандық азамат шекара асып, ажал құшқан. Адасудың басты себебі неде? Мұндай қателікті қайталамау үшін не істеу керек? Осы және басқа да мәселелер төңірегінде Ұлытау облысының бас имамы Елдос Жұмаділдамен сұхбаттасқан едік.
– Елдос Қуандықұлы, әңгімемізді өңірдің бүгінгі діни ахуалынан бастасақ. Ұлытау облысы бойынша қазір дәстүрлі дінімізді ұстанып жүрген жандардың үлесі қандай? Теріс ағым жетегінде кеткен жандар көп пе? Өзге ұлт өкілдерінен Исламға бет бұрғандар бар ма?
– Бисмиллахи рахманир рахим! Аса қамқор және ерекше болған Алланың атымен бастайын. Бүгінгі күні Ұлытау облысында діни ахуал тұрақты. Асыл дінімізге бетбұрыс басталған уақыттан бері Жезқазған өңірінің жұртшылығы дәстүрлі дінімізді ұстанып, Аллаға құлшылығын жасап келеді ғой. Мұсылмандықтың бес парызын өтеп жүрген жамағаттардың, жұма намазына келіп, ұлық дінімізді ұстанып, бес уақыт намазын оқып жүрген жандардың да қатары жыл санап артып келеді. Әсіресе, жастар арасында дінге қызығушылық таныту, діни сауатын ашып, Хақ жолында жүруге ниет ететіндердің шоғыры мол. Бұл бізді қуантады. Мешіттегі имамдар мен наиб имамдар осы жастарымызға дәстүрлі дінімізді, Құран мен сүннетке негізделген имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын жалықпай үйретіп, тура жолда жүруге тәрбиелеуде. Әрине, ел болған соң, көпшілік болған соң оның аласы да, құласы да болады ғой. Осы тұрғыдан келгенде Хақ жолынан адасып, теріс ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жерлестеріміз де бар екені жасырын емес. Бір шүкіршілік етерлігі, мешіттер мен діни орталық мамандарының жүйелі жұмысының нәтижесінде сол адасқан бауырларымыз тура жолға қайта түсіп жатыр. Әлі де болса өз ұстанымымен, өз көзқарастарымен жүргендер де бар, әрине. Түбі олар да үйірін табады деп ойлаймын. Әрине, сол бағытта жұмыс жасайтын боламыз. Ал енді, өзге ұлт өкілдері арасынан Ислам дінін қабылдап жатқандар да аз емес. Осы дара дінді ұстанып, Алла тағалаға құлшылық еткім келеді деген өзге ұлт өкілдеріне де мешіттерде кеңестер беріп, дұрыс жол көрсетіп отырамыз.
– Сіздің өңірімізге келгеніңізге жыл жарымдай уақыт болды. Ұлытау өңіріне қызметке келгелі бері қандай айтарлықтай өзгерістер орын алды? Жалпы қандай жұмыстар қолға алынып, іске асуда?
– Аллаға шүкір, атқарылған жұмыс көп. Жасыратыны жоқ, өңірдегі мешіттердің материалдық-техникалық базасы мен инженерлік инфрақұрылымдары сын көтермейді. Алыс ауылдарды айтпағанда, облыс орталығындағы жалғыз мешіттің өзінің жағдайы мәз емес. Мен осы салаға келгелі ең бірінші жұмысымды осы инфрақұрылымдарды жолға қоюдан бастадым. Жезқазған қаласындағы мешіттің дәрет алатын орнын, мәйітхананы жаңғырттым. Мешіттің жылу желісін өзгертіп, көмірмен жанатын пешті алып тастап, орнына тоқпен қызатын пеш орнаттық. Мешіттің тоқ желісі тұтастай ауыстырылды. Имамдардың айлық жалақысын да көтеруге күш салдым. Мұндай жұмыстар тек облыс орталығында ғана емес, өзге де аудан, ауылдардағы мешіттерде қажетінше жасалынды. Жамағатқа қатысты шаруалар да аз атқарылған жоқ. Өткен жылы өңірімізге 12 білікті діни мамандар шақырылып, олар шалғай ауылдарда болып, жамағатпен жүздесті. Мұндай кездесулер Жәйрем кентінде, Қарсақбайда, Ұлытау ауданының Сарысу, Қаракеңгір, Аманкелді ауылдарында өтті. Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданында да келелі кездесулер өтіп, тағылымды әңгімелер айтылды.
Мұның сыртында біз ай сайын кемі жүздей әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыға қайырымдылық шараларын жасадық. Оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясына да мешіт қызметкерлері біркісідей атсалысты. Сондай-ақ, пәтерінің ақшасын төлей алмай, көмек сұраған жалғызілікті, қамқорлығы жоқ жандарға, балалары түрлі ауыр кеселге шалдығып, оны емдетуге ақша таппай жүрген жандарға қолымыздан келгенінше көмек жасадық. Тағы бір ерекше айта кететіні, біз өткен жылы Рамазан айында 5 баласы бар, пәтер жалдап жүрген бір отбасыға пәтер алып бердік. Пәтерді тұрмысқа қажетті электр бұйымдарымен жабдықтадық. Мұндай жұмыстар жыл сайын жалғасын тауып жататын болады.
– Әлгінде «Жат ағымның жетегінде кеткендер» жайлы сұрадым ғой. Сол сауалымды толықтыра түссем. Жалпы жұртшылықтың, әсіресе жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуінің басты себебі неде деп айтар едіңіз?
– Қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы аятында Аллаһ Тағала «Оқы!» деген. Адамға өмір бойы білім алу парыз етілген. Адамдардың теріс жолға түсіп, адасуының бірден-бір себебі – сауатсыздық. Діни білімнің жоқтығы. Білімді медресе-мешіттерден, діни білімі бар имамдардан алу керек. Өзі адасып жүріп, басқаларды да адастыратындар бар. Олардың қайда, кімнің алдынан оқығаны да белгісіз. Өзінікі дұрыс па, бұрыс па, ол жағын ойламай, білгенін өзгелерге үйретеді. Бұл да надандық. Екінші бір қауіпті нәрсе – әлеуметтік желі. Түрлі діни ағымдардың өкілдері әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланады. Олардың қатарында тәкбіршілік, хизбутшылық, құраншылдық, уахабшылдық, салафизм сияқты неше түрлі бағыттар бар. Олардан өте сақ болып, барынша бойды аулақ салу керек. Ондай ағымдарға белгісіз «ұстаздарды» тыңдаушылар түсіп кетеді. Мәселен, Дарын Мүбаров, Октам Зауырбеков, Дильмурат абу Мухаммад, Назратуллах абу Марьям, ағайынды Зейнулиндер, Ринат абу Мухаммад, Наиль абу Салих, Дидар Оспанов, Данияр абу Ахмад, Абдуррахим Башпаев сынды уағызшыларды мүлде тыңдауға болмайды. Олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстаздары емес.
– Әлгінде өзіңіз айтып өткендей, діни сауаттылық жайлы әңгіме қозғалғанда ойымызға бірден мешіт пен медресе түседі ғой. Осы тұрғыдан келгенде біздің аймағымызда бүгінгі күні қанша мешіт жұмыс істеп тұр? Олардың жанында медреселер, сауат ашатын орындар бар ма?
– Аллаға шүкір, қазір қай аймақта болмасын мұндай орындар бар. Жыл санап олардың қатары артып та келеді. Мұндай үрдісті біздің өңірден де байқау қиын емес. Қазірдің өзінде облыс орталығында, Алашахан даңғылының бойында арнайы сауат ашу орталығы жұмыс істейді. Бұл қазір қайырымдылық мекеме ретінде жұмыс істеп тұр. Ғимаратын жөндедік. Оның жанынан арнайы жатақхана да аштық. Мұнда діни дәріс алғысы келген балалар, жасөспірімдер жатып оқиды. Бұл бір жағынан ауылдан келетін балалар үшін өте қолайлы. Сондай-ақ, аймақтардағы әр мешіттерде сауат ашу курстары жүріп жатыр. Діни сауат ашқысы келетін, тура жолды таңдаған әрбір жеткіншек осы курстарда оқып, өздерінің таным көкжиектерін көркейте алады. Алдағы уақытта Сәтбаев қаласында, Жаңаарқа кентінде жаңадан медресе ашылады деп күтіп отырмыз. Мұндай үрдіс өңірдің өзге аймақтарынан да қолдау тауып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Ал, енді мешітке келер болсақ. Бүгінде облыс көлемінде отыздан аса мешіт бар. Олардың да қатары жыл санап көбейіп келеді. Өткен жылы ғана өңірімізде жаңадан екі мешіт ашылды. Оның бірі Ұлытау ауданының Қаракеңгір ауылында, бірі Жезқазған қаласымен іргелес жатқан Кеңгір ауылында ашылып, жамағатқа қызмет көрсете бастады.
– Жастарды арандатып, экстремизмді насихаттайтындарды анықтау мақсатында Қазақстан мешіттері тарапынан қандай жұмыс жүргізіледі? Біздің өңірде осы бағытта нақтылы жоспар-бағдарлама бар ма?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірнеше жұмыс бағыты бар. Қайырымдылық, сауат ашу және теріс ағымдармен күрес. Бұл орайда басқарма жанынан арнайы республикалық ақпараттық-насихаттық тобы бар. Оның құрамына оқыған белгілі ғалымдарымыз кіреді, Қазақстанның түрлі облыстарына барып та жұмыс істейді. Сонымен қатар, өңірлерде де осындай ұйымдар бар. Насихат топтары жүйелі түрде жұмыс істейді. Мәселен, экстремизм, терроризм үшін түзету мекемелерінде жазасын өтеп жүрген сотталушылармен жұмыс істейді. Жат ағымдардың жетегінде жүріп, мешітке келетіндер де баршылық. Олармен де кездесулер ұйымдастырылып, әңгіме жүргізіледі.
– Жезқазғандағы түзету колонияларында терроризм, экстремизм үшін сотталып, жазасын өтеп жүргендер бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан олармен қандай жұмыс жүргізіледі? Өзіңіз осы мекемеде болып, уағыз, түсіндіру жұмыстарын жүргіздіңіз бе?
– Жоғарыда атап өткеніміздей, мүфтият жұмысының негізгі бағыттарының бірі – жат ағымдармен күрес. Әр өңірде бекітілген имам бар. Сол имам жергілікті ақпараттық-насихат тобына кіреді. Олар бас бостандығынан айырылып, түзету колонияларында отырған жазасын өтеушілермен тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Жеке кездесу, жалпы кездесулер өткізіледі. Бұл жұмыс түзету мекемелерінің де жоспарына енгізілген. Кесте бойынша имамдар сотталғандармен жолығып тұрады. Олардың тарапынан сан алуан сұрақтар қойылып жатады. Істеген ісіне өкініп, дұрыс бағытқа түсіп жатқандар да бар.
– 70 жыл бодандықта болған елміз. Қазіргі таңда көп ата-аналар екі жағдайда мешітке келеді десем болады. Бірі құлшылық үшін барса, енді бірі жаназаға шақырған кезде ғана келеді. Ал, баласы дінге бет бұрып, намаз оқи бастаса үрке қарайды. Осындай жағдайда оларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Бала – ата-анаға аманат. Оған барынша жақсы тәрбие беруі – парыз. Ұрпағымызды өз дініне, салтына, әдет-ғұрпына бейімдеп үйрететін болсақ, олар адаспайды. Ата-ана өзі бірінші мешітке келіп, газет-журнал, кітаптарды оқуы керек. Баласын имам, ұстаздармен таныстырып, дұрыс жол сілтейтін болса, жастар адаспайды. Бір отбасынан шыққан ағайындар арасында бірін-бірі кәпір санап, жік-жікке бөліну белең алып барады. Ол да білімсіздіктің кесірі. Қазір қаншама адам намаз оқып, ораза ұстап, садақа беріп, мұсылманшылыққа бет бұрып жатыр. Дінге қызығушылық бар. Барлық мешітте сауат ашу курстары жұмыс істейді. Ата-ана баланы жастайынан үйрету керек. Өздігінен білім алушылар үшін жат ағымдардың жетегінде кетіп қалу қаупі жоғары.
– Енді өзіңіз жайлы бірер ауыз сөз айтсаңыз. Адамның бір нəрсеге көңіл бөлуі үшін қандай да бір себеп болады немесе бір адамның өсиеті əсер етеді. Сіздің имамдыққа келуіңізге не ықпал етті? Қайда діни білім алдыңыз?
– Негізі менде имамдық қызметке ешқандай əуестік болған жоқ. Имам боламын, мешітте қызмет атқарамын деген сияқты ой болған емес. Бұған дейін мен мүлдем басқа салада білім алып, қызмет еттім. Негізі мен Жезқазған политехникалық колледжін тәмамдадым. Мамандығым – қаржыгерлік. Кейін Жезқазғандағы Болашақ университетін бітірдім. Қаржыгер болып қызмет еттім. Күзет саласында да еңбек еткен кездерім болды. Оқу оқып, еңбек етіп жүрген кездерімде дінге деген қызығушылық болды. Бірақ, имам емес, ел-жұрт сияқты мешітке барып тұратын қатардағы жамағаттың бірі болсам деп діни сауат ашуға бекіндім. Мешітке барып имаммен таныстым, дәріс алдым, кеңесін тыңдадым. Осылай жүргенімде мешіттің имамы жоғары діни оқу орнына барып бағымызды сынап көруге кеңес берді. Ұсыныс жасады. Өзім сияқты үш-төрт жас мұны қабыл алдық… Сөйтіп, Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрак Египет Ислам Мәдениеті университетіне оқуға түсіп, 4 жыл оқып, білім алып шықтым. Диплом алғаннан кейін Қарағанды қаласының әкімшілігінде дін істері басқармасында қызмет еттім, Әнет баба облыстық мешітінде қызмет еттім, кейін Теміртау қаласындағы Жақып Ақбай мешітінің бас имамы болдым. Ұлытау облысы ашылғанда діни басқармадан облысқа өкіл имам болып баруға ұсыныс түсті. Шынымды айтсам, облыстың бас имамы болуға жүрексіндім. Әйтсе де ұсынысты қабыл алдым. Қызметте жүріп Мысыр мемлекетіне бір жарым жылға діни оқуға барып, діни сауатымды жетілдіріп қайттым.
– Осы орайда тағы бір сұрақ бой көтереді. Көбіне шетелде оқып келген имамдардың айтатын уағызы бөлектеу көрініп тұрады. Олар дәстүрден гөрі дінге басымдық береді. Жалпы, шетелдерде діни білім алу қаншалықты қауіпті?
– Өзге мемлекетке барып діни білім алу үшін жастар дәстүрлі дінімізді білуі шарт. Алдымен, төрт мәзхабты айыра білуі керек. Теріс ағымдардың көбі мәзхабты мойындамайды. Елімізде діни білім беретін университет, колледж, медреселер бар. Арнайы оқу орындарын аяқтап, діни басқарманың рұқсатымен ғана шетелге шыққан абзал. Студенттер бақылауда болады. Жастардың өздігінен белгісіз жерге баруы қауіпті.
– Бүгінде дін мен дәстүр жайлы да екіұдай пікірлер қалыптасуда. Осы бағыттағы өзіңіздің ұстанымыңыз қандай? Біз осы орайда нені ұмыт қалдырып алдық?
– Кез келген қоғамның, кез келген елдің, мемлекеттің үш тірегі болады. Олар – тілі, ділі яғни, менталитеті, дәстүрі, салт-санасы, діні болады. Сондықтан, біздің қоғам осы үш нəрсеге негізделсе, халық шынымен де əлем мойындаған, ұрпаққа керемет аманат қалдыратын үлкен мемлекет бола алады. Өйткені, осы үш нəрсені негізге ала отырып бүгінгі күнге жеттік. Тілімізді, ділімізді, руханиятымызды, салт-дəстүрімізді, дінімізді сақтадық. Енді бұлардан айырылмас үшін осы құндылықтарға баса көңіл бөлуіміз қажет. Өкінішке қарай, біз айтамыз, бірақ іске келгенде жалқаумыз. Әлгінде өзіңіз айтқан дін мен дәстүр төңірегіндегі екіұдай пікір неден қалыптасты. Әрине, әрекеттің жоғынан. Мысалы, ел бізге, имамдарға құдайы аста, түрлі шараларда дінді бірінші кезекке қоясыңдар деп өкпе айтып жатады. Иә, біз дін өкілі болғандықтан бірінші кезекте міндетті түрде дінді ұстанамыз. Бірақ, дәстүрді сырып тастаған жоқпыз. Дәстүрді дәріптейтін шаралар өткізейік дейміз, бірақ, оған қолдау көрсететін жандар жоқ. Неге жаңағы дәстүр деп отырғандар осы іске бастамашы болмасқа. Мұны неге айтып отырмын. Біз мешітте дін тақырыбында, құран оқудан, басқа да діни шаралардан байқаулар өткіземіз. Оған белгілі бір азамат әрине дін жолында жүрген демеушілік жасайды. Егер дәстүр тұрғысында мешітте осындай байқау өткіземін, иман тақырыбында дәріс болсын, біз оған демеуші боламыз деп келген жан болса біз оларды құшақ жая қарсы алар едік. Айтайын дегенім, дәстүрімізді төрге оздырамын десек оған шынайы жанашырлық танытып, қолдау көрсетейік. Құр айта бергеннен ештеңе шықпайды. Ең басты нəрсе елімізді, жерімізді қорғауда біздің əрбір азаматымызды имандылық аясында отансүйгіштік, патриоттық сезім, қала берді мұсылман баласының ең мықты өжет болуы үшін жастарымызға діни құндылықтарды, дінді өз деңгейінде түсіндіріп үйретуіміз керек. Соны өзінің мамандары айтса екен деймін. Өйткені, дін деген жай ғана əркімнің ермегі болатын нəрсе емес. Дінде діннің иелері сөйлеу керек. Ғалымдары сөйлеу керек. Сол бағытта діни мəселенің барлығы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төңірегінің аясында ұйымдастырылуы қажет. Қазір небір алып мемлекеттердің келешегі бұлыңғыр. Өйткені, не ұрпақ, не ұлттық сана, не басқа имандылық жоқ. Аллаға шүкір, біздің тіліміз де, салт-дəстүріміз де кімге болса да үлгі боларлықтай. Бəрі бар бізде. Соны тек бүгінгі ұрпақтың санасына дұрыс сіңіру керек. Құр босқа айтысып, тартыспай бірлесіп жұмыс істегеніміз абзал. Менің ұстанымым осы. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», дейді ата-бабаларымыз. Ендеше сол озық дәстүрлерімізді бірлесіп төрге оздыруға жұмылайық.
– Соңғы сауал. Өңірімізде жаңа мешіт салу жайлы әңгіменің түйіні шешілген сияқты. Оның құрылысы қашан басталады деп отырсыздар? Ол қандай мешіт болады? Елге қандай қызметтер көрсетпек?
– Алла қаласа алдағы сәуір айында жаңа мешіттің құрылысы басталады деп күтіп отырмыз. Бұл бағытта Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы «Қазақмыс» корпорациясының басшыларымен меморандумға қол қойған болатын. Жаңа мешітіміз өзге өңірлердегідей зәулім болмағанымен халыққа қызмет көрсететін түрлі орындары бар, ең бастысы діни сауат ашып, хақ дінімізді насихаттайтын шынайы рухани орталық болады. Орталықтың өз кітапханасы, коворкингі, шағын спорт алаңы, дәмханасы бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ізбасар ОЙБАС.