«Eco Life: Таза Қазақстан – жастар таңдауы»

Ұлытау облысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында «Eco Life: Таза Қазақстан – жастар таңдауы» акциясы ұйымдастырылды.

Акцияға жастар, еріктілер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және белсенді азаматтар қатысып, елді мекендердің аумағын тазарту және абаттандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Іс-шара барысында қатысушылар көшелерді, саябақтар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, тұрмыстық қалдықтарды жинау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қоршаған ортаны таза ұстау, қоқысты тиісті орындарға тастау және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Eco Life» акциясының басты ерекшелігі – жастарды тек тазалық жұмыстарына тарту емес, олардың бойында экологиялық жауапкершілік пен қоғамдық белсенділік құндылықтарын қалыптастыру.

Жастардың бастамасы мен белсенділігі туған өлкенің тазалығын сақтауға және қоршаған ортаға деген жанашырлықты арттыруға бағытталған нақты қадам болды.

Қазіргі таңда экологиялық мәдениетті қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті. Таза әрі жайлы орта қалыптастыру әр азаматтың күнделікті әрекетінен басталады.

«Таза Қазақстан – жастар таңдауы!» ұранымен өткен акция жастардың табиғатты қорғауға және туған жердің тазалығына үлес қосуға дайын екенін көрсетті.