Еңбекпен биік белестерге

Адамзат тарихына көз жүгіртсек, қай кезеңде де елдің еңсесін тіктеп, мемлекеттің іргесін бекемдеген, қоғамды алға жетелеген басты құндылықтардың бірі – адал еңбек. Маңдай термен келген жетістік қашанда қадірлі. Себебі, елдің өркендеуі мен туған өлкенің дамуы ең алдымен өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсібін жүрек қалауымен атқаратын еңбек адамдарының табанды еңбегіне тікелей байланысты.

Осы орайда Орталық Қазақстанның өндірісті өңірі – Қаражал қаласында Еңбек күніне орай «Еңбек – жетістікке бастар жол» атты мерекелік салтанатты жиын өтті. Еңбекті елдік құндылық ретінде дәріптеп, туған өлкенің дамуына өмірлік жолын, білімі мен білігін арнаған жандарды ұлықтаған тағылымды шара еңбек адамдарына деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.

Мерекелік жиын барысында өңір басшылығы атынан Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады.

Құрметті қаражалдықтар, ардақты еңбек ардагерлері мен әріптестер! Баршаңызды бүгінгі Еңбек күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Еңбек адамын ұлықтау, әр мамандықтың қоғамдағы орнын бағалау – біздің басты міндетіміз. Адал еңбек еткен адам өзінің ғана емес, тұтас елінің болашағын қалыптастырады. Қаламыздың дамуына, өндіріс пен әлеуметтік саланың өркендеуіне үлес қосып жүрген әрбір азаматқа алғысымды білдіремін. Мерекелеріңіз құтты болсын, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер! – деді Диана Жанқызы.

Салтанатты жиын барысында өндіріс пен әлеуметтік саланың дамуына елеулі үлес қосып, ел игілігі үшін талмай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар мен еңбек әулеттерінің еңбегі ерекше аталып өтті. Оларға Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хаттары табысталып, көп жылғы маңдай тері мен кәсіби шеберлігіне құрмет көрсетілді.

Атап айтқанда, «Еңбек жолы» республикалық конкурсының облыстық кезеңінде «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша ІІ орынды иеленген Құмарбековтер әулетіне ерекше құрмет көрсетілді.

Өндірістегі сабақтастық пен еңбек дәстүрінің жарқын үлгісіне айналған бұл әулеттің үш ұрпағы «Жәйрем кен-байыту комбинаты» АҚ-да үздіксіз қызмет етіп келеді. Әулет мүшелерінің жалпы еңбек өтілі – 278 жыл. Бұл – бір отбасының ғана емес, бірнеше буынның кәсіби өмірін туған өлкенің өндірістік дамуына арнағанының айқын дәлелі.

Еңбек адамының кәсіби тәжірибесін кейінгі буынға үйрету, жастарға бағыт-бағдар беру – қоғам үшін аса маңызды құндылық. Осы тұрғыдан алғанда, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында І орынды иеленген «Өркен-Атасу» өкілдігінің машинисі Зәуре Үйсімбаеваның еңбегі ерекше атап өтуге лайық. 39 жылдық еңбек өтілі бар білікті маман – «Еңбек даңқы» III дәрежелі белгісінің иегері. Ол өзінің кәсіби білімі мен мол тәжірибесін жас мамандарға үйретіп, еңбек жолының лайықты жалғастығына үлес қосып келеді.

Ал «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясында Қаражал қалалық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Аида Маграмова ІІ орынға, фармацевт Лаура Алиева ІІІ орынға ие болды. Жастардың кәсіби ізденісі мен өз саласына деген жауапкершілігі – қаланың болашақ дамуының берік негізі екені сөзсіз.

Салтанатты шара барысында өз саласына саналы ғұмырын арнап, ел игілігі жолында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар ардақты жандардың да еңбегі еленді. Олардың қатарында 44 жылдық еңбек өтілі бар, «Кенші даңқы» орденінің иегері, «Өркен-Атасу» өкілдігінің энергоцех бастығы Бергентай Ысқақов, 45 жыл бойы адал қызмет атқарып келе жатқан мемлекеттік архив архивисі Зәмзагүл Сыздықова және 27 жылдық еңбек өтілі бар «Балбөбек» бөбекжайының тәрбиешісі Бибігүлсін Сыздықова бар.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында 36 жыл бойы аянбай еңбек етіп келе жатқан медбике Айнаш Мақаева мен Қаражал тау-кен техникалық колледжінің өндірістік шебері Маржан Сағындықоваға да ерекше құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.

Мерекелік жиын барысында еңбек адамының қоғамдағы орны, кәсіби шеберлік пен ұрпақтар сабақтастығының маңызы кеңінен дәріптелді. Өйткені, әр маманның өз ісіне деген адалдығы – ел дамуына қосылған елеулі үлес. Бірі өндірісте, бірі медицинада, енді бірі білім мен тәрбие саласында еңбек етіп жүрген жандардың барша еңбегі ортақ мақсатқа – туған өлкенің өркендеуі мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Шара өнерпаздардың әсерлі концерттік бағдарламасымен жалғасып, қала тұрғындары мен жиын қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әуезді ән мен әсем күйге ұласқан мерекелік кеш еңбек адамдарына деген құрметті одан әрі айшықтай түсті.

Еңбек күніне арналған бұл тағылымды шара – адал еңбектің әрдайым ел назарында әрі құрмет төрінде екенін тағы бір мәрте көрсетті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан еңбек дәстүрі, кәсібіне берілгендік пен жауапкершілік – қоғамның тұрақты дамуының маңызды тірегі.

Туған жердің абыройын еселі еңбегімен еселеп, ел игілігіне қызмет етіп жүрген әрбір азаматтың өнегелі жолы – кейінгі буынға үлкен сабақ. Өйткені, маңдай термен келген жетістік – еңбектің ғана емес, табандылықтың, жауапкершіліктің және туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің жемісі.

Қаражалдың өндірістік қуаты мен әлеуметтік әлеуетін арттырып, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігіне өз үлесін қосып жүрген еңбек адамдарының еңбегі әрдайым лайықты бағасын таба берсін. Еңбекке құрмет – елге құрмет. Ал еңбегімен елге қызмет ету – әр азамат үшін үлкен мәртебе.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ