Еңбегімен еленген

Қазақта «Қарапайым адам – қасиетті адам» деген қастерлі сөз бар. Бұл қарапайымдылықты ту еткен еңбекқор жан, «Жәйрем кен байыту комбинаты» акционерлік қоғамының Ғимараттар мен үй-жайлар бюросының бастығы Ашықбеков Қуат Мұқыжанұлына арналып айтылғандай. Ол ешқашан үлкеннің алдын кесіп өтпеген, жастайынан екі қолы мен бойындағы күш-жігеріне сенген, салмақты да талапшыл азамат. 40 жылғы еңбегі бағаланып, елімізде аталып өтетін Еңбек күнінде Қуат Мұқыжанұлы «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

1961 жылы 11 тамызда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Дружба совхозында дүниеге келген Ашықбеков Қуат Мұқыжанұлы 1968 жылы мектеп табалдырығын аттап, орта білім аттестатын Рассвет совхозы мектебінен алып шығады. Мектеп қабырғасынан түлеп шыққан жігіт Жезқазған политехникалық институтына оқуға түсіп, 1980 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге Латвия еліне аттанып, елге 1982 жылы оралып, о баста басталған оқуын жалғастырып, «Құрылысшы инженер» мамандығын иеленеді.
Қолына нан табар қағазы тиген соң, институт берген жолдамамен Жәйрем кентіне келіп, сол кезде кенттің құрылысын жүргізіп жатқан «Жәйремтяжстрой» мекемесіне монтаждаушы болып жұмысқа орналасады.
Одан кейін құрылыс саласы жұмыстарының бірнеше сатысынан өтіп, 1999 жылы аталған мекемені «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өз қарамағына алып, Құрылыс монтаждау басқармасы етіп бекітті. Сол басқармада учаске бастығы, цех бастығы, күрделі бақылау бөлімінің күрделі құрылыс жұмыстарын техникалық бақылау жасайтын жетекші инженер болып еңбек етеді. Ал, дәл қазір Қуат Мұқыжанұлы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Ғимараттар мен үй-жайлар бюросының бастығы. Қызметтің осындай сатыларынан өткен еңбекқор жанның жалпы еңбек өтілі — 40 жыл болса, оның ішінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-дағы еңбек өтілі — 36 жыл.
Жәйрем кентіндегі ЖБИ, ет комбинаты, нан зауыты, ПМК фабрикасы құрылыстарына еңбегі сіңіп, Қаражал қаласында жүргізілген құрылыстарға да үлесін қосып, кентішілік кәріз жүйелері, су өтпелері, құрылыстарына араласты.
Еңбек ардагеріне жолығып, өмірдегі ұстанымдарына, жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарларымен бөліскен едік.
-Менің Жәйремге келгеніме 36 жыл болды. Қолымызға жолдама алған соң, ең алғашқы еңбек жолымды осы кенттен бастадым. Жәйрем жеріне алғаш келген кезде құрылыс жұмыстарында Жұмабек Әміреев, Бақытжан Әбілдәханов, Мұрат Шахаманов, бертін келе «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қарамағына енген кездегі еңбектес әріптестерім Аманжол Оңғарбаев, Марлан Шамбулов, Ерлан Түсіпов, Юрий Кретов, Елена Горшкова тәрізді нағыз құрылыс саласының майталмандары болды. Ол кездері Жәйрем кентінде құрылыс өте көп жүретін. Құрылысшылар 3 ауысымға бөлініп тұрып еңбек ететін. Жәйрем кентінің құрылысы ғана емес, Қаражал қаласында да болып, сол жақтағы жазасын өтеушілер колониясын, фабриканы салуға да үлкен көмек бердік. Одан кейін 90 жылдарғы тоқырауда құрылыс жұмыстары түгіл жалақы алудың өзі мұң болды.
Аллаға шүкір, қазір Жәйреміміздің жағдайы жақсы. «Казцинк» компаниясы келгеннен бері құрылыс жұмыстарына жан бітті. Кенттегі қираған бос үйлер қалпына келтіріліп, жаңадан түрлі ғимараттар салынып, ауылымыздың бойына қан жүгірді. «Казцинк» компаниясы Жәйрем комбинатына иелік еткеннен кейінгі халық үшін жасаған өте бір тамаша көмектері, халықтың талай жылғы арманы әдемі, зәулім мешіт құрылысының жүруі. Жәйремдіктер ескі мешітті жөндеу жұмыстарын армандап жүргенде, алпауыт компания су жаңа мешітті салып, маңайына асханасын, мәйітханасын, дәретханасын салып, ауласын абаттандырып берді. Халықтың қуанышында шек болмады. Сол аталған жұмыстың да бел ортасында жүрдік. Одан кейінгі үлкен құрылыс әлемдік нарыққа Жәйрем кентінің үлесін қостыратын Полиметалл байыту фабрикасының құрылысы. Қаншама жұмыс күші тартылған фабриканың құрылысына да өз үлесімізді қостық. Абай көшесіндегі 15, 17, 19 үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына да кураторлық жасап, ауылымыздың әр өзгерісі көз алдымда жүруде.
«Казцинк» компаниясымен алда әлі талай жақсы өзгерістер болады деп нық сеніммен айта аламын. Құрылыс жұмыстарынан бөлек Жәйремнің әлеуметтік жағдайына барынша демеушілік жасап отырған компанияның ісіне алғысым шексіз. Мен еңбек еткен 40 жылда жақсылы-жаманды талай инвесторлардан өттім. Тоқсаныншы жылдардан кейін ауылымыздың бойына қан жүгіртіп, елдің еңсесін көтерген осы «Казцинк». Жалақымыз да тұрақты, жұмыскерлерге де жағдай барынша жасалуда. Аллам тек амандық, апатсыз өндіріс, жазатайым жағдайсыз жұмыс берсін, — деп өз ойын бөліскен Қуат Мұқыжанұлы әкесі Жәкенов Мұқыжан мен анасы Әбжанова Шәкіжаннан тараған 4 баланың тұңғышы. Өзінен кейін екі інісі бір қарындасы бар. Үлкен бауыры Жомарт Мұқыжанұлы Ақтүбек ауылында отбасымен тұрады. Кәсібі — мал дәрігері. Одан кейінгі бауыры Марат Мұқыжанұлы бұл күнде о дүниелік болған. Қарындасы Күлшат Мұқыжанқызы Жаңаарқа ауданында білім саласында еңбек етеді. Әкесі де, анасы да білім саласында еңбек еткен. Ал Қуат ағаның құрылыс мамандығын таңдау себебі, ауылына келіп, зәулім үйлер тұрғызып, туған жерінің гүлденуіне өз үлесін қосу болған еді. Ол мақсатына жеткен де сыңайлы.
Еңбек ардагері өмірлік жары Алма екеуі үш ұлынан төрт немере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Данияр Мұқыжанов келіні Айман екеуі Қапшағайда әскери қызметте. Екінші ұлы Берген келіншегі Мейрамкүлмен Қарағанды қаласында тұрады. Бергеннің қызметі — құрылысшы болғанмен қазіргі таңда жеке кәсіпкер. Кенжесі Мадияр келіншегі Толқынмен Қарағанды қаласында тұрады. Жеке кәсіпкер.
Азаматтың асыл мұраты – халық қамы, елге қызмет ету дейтін болсақ, Қаражал-Жәйрем өңіріндегі құрылыстарда жарқын қолтаңбасы бар, адал еңбегімен елге сыйлы, ең ауыр сала – құрылыс саласының қазанында қайнаған, алдыңғы буынға жақсы іні, кейінгі толқынға ақылшы ұстаз болып жүрген Қуат Мұқыжанұлына біз зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат, талмас талап, отбасына амандық, еңбегіне табыс тілейміз.
Еңбегі елене берсін! Төсбелгі құтты болсын, еңбекқор аға!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ
Бастауыш Кәсіподақ ұйымы
төрағасының орынбасары.