Ұлытау облысында «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені жұмысын жалғастырды. Жоба командасы 323 шақырым жол жүріп, Жаңаарқа және Жәйрем кенттерінде 220 тұрғын қатысқан екі кездесу өткізді.
Тұрғындармен диалогқа «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Ақжол Құрмансейіт, Алмат Жөкебаев және Алмат Әбдікешов қатысты. Жұмысқа партияның өңірлік филиалдарының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары мен қаржылық сауаттылық бойынша сарапшылар да қосылды.

Негізгі тақырыптардың бірі – көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Тұрғындар ірі жобаларды іске асыру мерзімдеріне, оның ішінде облыс аумағының едәуір бөлігін қамтитын «Қарағанды – Жезқазған» және «Қызылорда – Жезқазған» автожолдарын реконструкциялауға қызығушылық танытты. Сондай-ақ елді мекендерді газдандыру барысына қатысты мәселелер көтерілді.
Сұрақтардың тағы бір бөлігі тұрғын үй және тұрғындарды есепке қоюдың жаңа цифрлық тетіктеріне қатысты болды. Биыл тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу бірыңғай цифрлық жүйеге көшірілді. Жаңа тетік мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде деректерді автоматты түрде тексеруді және отбасының цифрлық картасын қалыптастыруды көздейді.
Жаңаарқа мен Жәйрем тұрғындары жаңа жүйенің жұмыс тәртібіне және өтінім беру мүмкіндіктеріне қатысты сауалдарын қойды. Одан бөлек ауылдық елді мекен тұрғындары үшін жаңа цифрлық сервистерді пайдалануға арналған түсінікті оқу материалдарын әзірлеуді ұсынды. Партия өкілдері бұл ұсынысты қолдап, оны одан әрі пысықтауға беруді жоспарлап отыр.

Кездесулер қорытындысы бойынша тұрғындардың өтініштері «Әділетті Қазақстан үшін» жобасының ұсыныстарының бірыңғай тізіміне енгізіледі.
Ұлытау облысындағы жұмыс қорытындысы бойынша жоба елдегі 17 өңірдің 15-ін қамтыды. Жалпы керуен аясында 12,7 мыңнан астам тұрғынның қатысуымен 89 кездесу өтті. 19 тамызға дейін маршрут еліміздің барлық алты макроөңірін, 100 ауданын және шамамен 100 елді мекенін аралауды жоспарлап отыр.

