«Даму» қоры Ұлытау облысы кәсіпкерлеріне

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Ұлытау облысының кәсіпкерлеріне арналған қолдау шараларын кеңейтті. Шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілетін экономикалық қызмет түрлерінің тізімі кеңейтілді. Тізімді қалыптастыру кезінде Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары, сондай-ақ, Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының ерекшеліктері мен даму басымдықтары ескерілді. Осыған байланысты әр қала мен аудан үшін қолдау көрсетілетін қызмет түрлері жеке анықталды. Тізімге тек өндіріс саласы ғана емес, медицина, білім беру, мектепке дейінгі білім беру, қонақ үй, қоғамдық тамақтану, автосервис, жүк тасымалы, қойма қызметтері, демалыс және басқа да бағыттар енгізілді.

Кәсіпкерлерге өз қаласы немесе ауданы бойынша қызмет түрлерінің тізімін қарап, бизнесінің бағдарлама талаптарына сәйкестігін алдын ала анықтау ұсынылады. Толық ақпаратты «Даму» қоры» АҚ-ның Ұлытау облысы бойынша филиалынан алуға болады. Сонымен қатар, «Іскер Аймақ» бизнес-оқыту бағдарламасы online. damu.kz платформасында қолжетімді. «Даму» қоры кәсіпкерлер мен кәсіп ашуды жоспарлаған азаматтарды тегін онлайн оқыту бағдарламасына шақырады. Платформада қаржы, маркетинг, сату, команданы басқару, бизнесті цифрландыру, сондай-ақ, азық-түлік және жиһаз өндірісі бойынша тәжірибелік курстар ұсынылған.

Оқытудың артықшылықтары:

  • тегін;
  • толықтай онлайн;
  • қазақ және орыс тілдерінде;
  • Қазақстанның кез келген өңірінен қолжетімді;
  • оқу соңында сертификат беріледі.

Платформа үнемі жаңа курстармен толықтырылып отырады. Жақын уақытта AI, e-commerce, мал шаруашылығы және басқа да өзекті бағыттар бойынша бағдарламалар іске қосылады. «Даму» қоры — кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, өңірлік бизнестің дамуына мүмкіндік береді. Толық ақпарат: https://edu-online. damu.kz/ru/edu/courses.

 Қаражал қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі.