Бюджет – бақылауда

Ұлытау облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берілуде. Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында облыс әкімі Есет Байкеннің төрағалығымен өңірлік жедел штабтың отырысы өтті.

Жиында өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазіргі ахуалы талқыланып, оның алдын алуға бағытталған шараларды күшейту мәселелері қаралды. Сондай-ақ, бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және жауапты органдардың жұмысына бақылауды күшейту жөнінде нақты міндеттер айқындалды. Отырыста мемлекеттік сатып алу саласына ерекше назар аударылды. Мемлекеттік сатып алулар барысында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі. Облыс әкімі мемлекеттік қаражаттың әрбір теңгесі белгіленген мақсатқа жұмсалып, қабылданған шешімдердің заң талаптарына сай болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Бұл ретте мемлекеттік сатып алу процесінің барлық кезеңінде ашықтық пен заңдылық қағидаттарын сақтау маңызды. Бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы өңірдегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асуына тікелей әсер етеді. Сондықтан, жауапты мемлекеттік органдардың міндеті – қаржының мақсатсыз немесе тиімсіз жұмсалуына жол бермеу, тәуекелдерді алдын ала анықтап, олардың туындауына себеп болатын факторларды жою. Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін шара қолданумен шектелмеуі тиіс. Оның алдын алу, мемлекеттік қызметшілер арасында заң талаптарын түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру да маңызды бағыттардың бірі.

Осыған байланысты өңір басшысы мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Мұндай жұмыстар қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықтық сауаттылығын арттыруға, қызметтік міндеттерін орындау барысында белгіленген талаптарды қатаң сақтауға және мүдделер қақтығысы сияқты тәуекелдердің алдын алуға бағытталуы қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет мемлекеттік аппараттың барлық деңгейінде қалыптасуы тиіс. Бұл ретте әрбір мемлекеттік қызметші өз шешімі мен әрекетінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі маңызды. Жиында өңір үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселесі де кеңінен қаралды.

Инфрақұрылымдық жобалар ауқымды қаржыны, көптеген мердігерлер мен жауапты құрылымдардың өзара іс-қимылын қамтитындықтан, мұндай жобалардың әр кезеңінде бақылау мен ашықтықтың маңызы зор. Жобаларды жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалуы, бөлінген қаражаттың игерілуі және нысандардың пайдалануға берілуі сияқты кезеңдердің барлығында белгіленген талаптардың сақталуы қажет. Бұл бағыттағы бақылаудың күшеюі бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына ғана емес, жоспарланған жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуына да ықпал етеді. Отырысты қорытындылаған облыс әкімі барлық жауапты мемлекеттік органдарға белгіленген талаптардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тек анықтап қана қоймай, олардың пайда болу себептерін жүйелі түрде жою қажеттігіне назар аударылды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ