«Bala Fest» фестиваліндегі жарқын жеңіс

Өнер – жастан. Баланы жас кезден өнерге баулу үлкен жауапкершілік екенін әрқайсымыз мойындаймыз. Қаламыздың өнер ордасы Балалар өнер мектебі сол мақсатымызды жүзеге асыра алатын жалғыз мектеп. Тумасынан өнерге жақын болып, қазыналы қаламыздың мәдениеті мен өнер саласының дамуына елеулі үлес қосқан Әбдірәсіл Рахым ағамыз әр баланы өнерге жетелеуден шаршаған емес. Қаншама жеңістің куәгері болып жүрген жайымыз да бар.

Өткен аптада қаламыздың қақ ортасындағы қара шаңырақ, өнер ордасына айналған жалғыз мектеп – Балалар өнер мектебінен жағымды жаңалық келіп жетті. Біздің домбырашылар «Bala Fest» Республикалық балалар шығармашылығы фестивалінен биыл ерекше жетістіктерге жетті. Әртүрлі номинациялар бойынша өнер көрсеткен талантты балалар жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Фестивальдің басты марапаты – Бас жүлде бірнеше қатысушыға бұйырды. Әбдірәсіл Нығманұлының жетекшілігімен «Сырлы саз» ансамблі «Ер Тұран» күйін орындап, өздерінің ерекше өнерімен Бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, Ұлытау облысының квинтеті де жоғары бағаланып, «Жауға» күйін орындап, Бас жүлдеге ие болып қайтты. Жеке орындаушылар арасында да үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. «Жұмыр қылыш» күйін орындауымен Ұлан Мейіржан, ал «Шаттанамын» күйін орындауымен Ұлықбек Балкенов те өз шеберліктерін көрсетіп, Бас жүлдені қанжығаларына байлады. Ал, Тоғжан Рақымбай «Алатау» күйін орындап, өзінің орындаушылық шеберлігімен көзге түсіп, І орынға ие болды. Оқушылардың жетекшісі – Айбек Болатов. Жоғарыдағы айтылған әрбір оқушының жеткен жетістігі – ол ұстаздың ерен еңбегі. 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек деген қағиданы алға тартқан ұстаздардың еңбегі де нәтижелі екенін барша аймақ тұрғындары жақсы біледі, мойындайды.
Сонымен қатар, Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов қаламыздың талантты жастарына қолдау көрсету мақсатында «Балалар өнер мектебі» КМҚК басшысы Ұлан Дүкенбаев пен балалардың жетекшісі Әбдірәсіл Рахымды домбырашылармен бірге қабылдады. Астана қаласында өткен республикалық «Bala Fest» балалар шығармашылығы байқауында Бас жүлдені жеңіп алған Балалар өнер мектебінің «Сырлы саз» домбыра ансамбліне ерекше құрмет көрсетілді. Қала әкімі Айқын Елеусізов ансамбльге 200 мың теңгелік сертификат табыс етіп, олардың өнерін жоғары бағалады. Бұл марапат – қала басшылығының өнерге деген қолдауы мен балалардың еңбегін елеудің жарқын көрінісі. Болашағы жарқын өнерпаздарымыздың әлі талай белестер мен жеңістерге қол жеткізетініне халық болып кәміл сенеміз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ