Елімізде 1 наурыз – «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. Алғыс айту күні – күрделі, қиын-қыстау заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Қазақстанды бірге құру жолында аянбай тер төккен барша азаматтың бір-біріне құрмет білдіретін күні. Бұл күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Қайырымдылық пен дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты, өзара көмек көрсетуді қолдап, мейірімділік пен ақкөңілділік, жомарттық пен жанашырлықты дәріптейтін ерекше күн десе де болады.
Осы аптада «Қаражал қалалық Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ алда келе жатқан Алғыс айту күніне орай «Қазақ еліне мың алғыс» атты іс-шара ұйымдастырды. Мұнда әр ұлттың өкілдері шақырылып, қазақи дастарханда бас қосып, жүрекке жылы жүздесу болды. Отырыс барысында қонақтардың барлығы қазақ тілінде құттықтаулар айтып, қазақ еліне деген шынайы жүрекжарды алғыстарын білдірген ерекше челендж түсірілді. Бұл челендж Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасының да инстаграм парақшасына салынып, облыс деңгейінде жолданып отыр.
Отырыс барысында келген қонақтардың қатысуымен «Қазақстан – мейірімді мекен» атты дөңгелек үстел өтті. Мұнда әр адам өз ойын ашық жеткізіп, еркін тақырыпта пікір алмасып, әдемі сыр-сұхбат болды. Келген қонақтарға кітап көрмесі ұсынылып, кеш ерекше көңіл-күймен мәресіне жетті.
Іргесі берік ел болам деген халық ең әуелі ұрпаққа патриоттық сезімді сіңіріп, тарихы мен дәстүрін танып қана қоймай, ерекше ықыласпен жүрек түкпірінде мойындай отыра құрметтеуді үйреткені жөн. Әрине, ол үшін балаға дұрыс тәрбие, адамгершілік қасиет пен рухани құндылықтарды жетесіне жеткізіп, санасына құя білсек, нұр үстіне нұр болмақ. Биікке шыққысы келген адам өз айналасындағы қоғамның биікке көтерілуіне қолғабыс ете білгені жөн. Яғни, айналамызда өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерінің ұлттық құндылығын сыйлап, қаншалықты құрмет көрсете алсақ, әлбетте біздің де парасат деңгейіндегі биігіміздің айғағы деп білемін. Ауызбіршілік пен татулықты ту еткен халықтың қашанда шаңырағы биік, керегесі кең, босағасы берік болары сөзсіз.
Балшырын АМАНТАЙ