21 қыркүйек күні Қаражал қаласының мемлекеттік архивінде «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, тағылымы мол танымдық кездесу өтті. Іс-шараға мектеп оқушылары мен қаламыздағы Тау-кен техникалық колледжінің студенттері қатысып, архивтің тыныс-тіршілігімен және тарихи құжаттармен танысты.
Архив – өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір. Мұнда халқымыздың, туған өлкеміздің тарихынан сыр шертетін құнды құжаттар сақталады. Әрбір құжаттың артында белгілі бір кезеңнің тарихы, адамдардың тағдыры мен қоғам өмірінің маңызды сәттері жатыр.
Ашық есік күні барысында жас қонақтарды архив басшысы Талғат Аяпбергенұлы Касимов қарсы алып, архивтің негізгі қызметі, құжаттарды қабылдау, сақтау, ретке келтіру және архив қоймасындағы құжаттарды цифрландыру мен пайдалану тәртібі туралы кеңінен мәлімет берді. Қатысушылар архив қорларындағы тарихи материалдармен танысып, өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды.
Әсіресе жастардың тарихи құжаттарға деген қызығушылығы ерекше байқалды. Олар өткен кезеңге қатысты деректерді көріп, туған өлке тарихын архив құжаттары арқылы зерделеудің маңызын түсінді. Іс-шара барысында архив қызметкерлері жас ұрпаққа тарихи мұраны сақтау – баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті. Себебі бүгінгі құжат – ертеңгі тарих. Ал тарихын білген ұрпақ елінің өткенін бағалап, болашағына жауапкершілікпен қарайды.
Ашық есік күні мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін тек танымдық кездесу ғана емес, тарихқа үңіліп, құжаттың қадірін түсінуге мүмкіндік берген маңызды шара болды. Осындай іс-шаралар арқылы архив пен жас ұрпақ арасындағы байланыс нығайып, тарихи-мәдени мұрамызды насихаттауға жол ашылады. Тарихты сақтау – өткенді ғана құрметтеу емес, келешек ұрпаққа өшпес мұра қалдыру.
Архив – уақыттың үнін сақтаған қасиетті мекен. Оның әрбір құжаты – ұрпаққа жеткен тарихтың бір парағы.
Динара АБЖАНОВА,
Қаражал қаласының мемлекеттік архивінің архившісі.
