Бірінші қазанда атап өтілетін Халықаралық қарттар күні – бұл жай ғана күнтізбедегі дата емес, өнегелі өмір жолымен, маңдай тер, адал еңбегімен еліміздің іргетасын қалаған аға буынға көрсетілетін ерекше құрмет пен мейірімнің мерекесі. Осы айтулы күн қарсаңында біз Қаражал қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мереке Жұманбаевамен кездесіп, ұйымның тыныс-тіршілігі, аға буынның өңірдегі қоғамдық-мәдени өмірге қосып отырған сүбелі үлесі мен алдағы жоспарлары жайында егжей-тегжейлі әңгімелескен едік.
– Мереке Рахимбаевна, әңгімемізді әлбетте ұйымның ұйытқысы болып отырған облыстық деңгейдегі өзгерістер мен жаңа бастамалардан бастасақ. Биылғы жыл ардагерлер кеңесі үшін қандай жаңалықтармен есте қалмақ?
– Сауалыңызға рахмет. Биылғы жыл Ұлытау облысының ардагерлер қозғалысы үшін өте жауапты әрі жемісті кезең болды десем қателеспеймін. Жыл басында облысымыздың барлық жергілікті ардагерлер кеңестерінде есеп беру-сайлау жиналыстары тиісті деңгейде өткізілді. Одан кейін, сәуір айында Жезқазған қаласында облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының қорытынды есеп беру-сайлау жиыны болып өтті.
Сонда көп жылдар бойы ардагерлер қозғалысына жетекшілік етіп, өңіріміздің қоғамдық өміріне зор үлес қосқан ардақты ағамыз Сағындық Қожамсейітов өзінің төрағалық өкілеттігін тоқтатқан болатын. Осы жиында көпшілік дауыспен облыстық кеңестің төрағалығына Мұрат Қазамбаев сайланды. Мұрат Сүтенұлы тізгінді қолға алған сәттен бастап істі жан-жақты жандандыруға кірісті.
Жуырда Мұрат Сүтенұлы бастаған облыс делегациясы Республикалық ардагерлер кеңесінің жиынына қатысып қайтты. Онда алға қойылған ауқымды міндеттер мен мақсаттар, іс-шаралар жоспары мен оны жүзеге асырудың нақты амалдары талқыланып, тәжірибе алмасу орын алды. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің Қаражал қаласында да жүйелі түрде өз жалғасын тауып келеді.
– Өз сөзіңізде аға буынның әлеуметтік жағдайы мен денсаулығына ерекше тоқталдыңыз. Қаражал қаласының ардагерлерін сауықтыру мен белсенді өмір салтына тартып, денсаулықтарын нығайту бағытында қандай нақты қадамдар жасалып жатыр?
– Ең маңызды бағыттардың бірі де – осы ардагерлеріміз бен қарттарымыздың белсенді ұзақ өмір сүру жағдайларын арттыру. Әрине, мемлекет тарапынан тағайындалған зейнетақы, әлеуметтік төлемдер үлкендеріміздің материалдық қажеттілігін белгілі бір деңгейде қамтамасыз етеді. Дүние-мүлік өз алдына, бірақ жасы ұлғайған шақта адамға ең алдымен сауықтыру, дене шынықтыру, спорттық белсенділік пен адами, рухани қарым-қатынас судай қажет. Тіпті бұл қажеттілік жас ұлғайған сайын еселей түседі десем артық айтқандығым емес.
Осы тұрғыда біз жергілікті ардагерлердің денсаулығын оңалтуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Сөзіме дәлел келтіре кетейін, биыл облыс орталығында орналасқан «Неомед» шипажайында Қаражал қаласынан төрт зейнеткеріміз арнайы сауықтыру демалысын өткізуде. Оның ішінде екі ардагеріміз тамыз айында барып, денсаулықтарын түзеп қайтса, қалған екі зейнеткеріміз қазан айында емдеу-сауықтыру курсынан өтуге жолдама алып отыр.
– Спорт демекші, аға буын өкілдері бұқаралық спорт шараларына қаншалықты белсене қатысып жүр?
– Ардагерлеріміз сергек серуендеп қана қоймай, интеллектуалды спорт түрлерінен де алдына жан салмайды! Әсіресе шахмат спортын кеңінен насихаттау және дәріптеу мақсатында мамыр айында ұйымдастырылған қалалық және облыстық сайыстарда біздің спортшыларымыз жоғары дайындықтарын көрсетті.
Осы орайда қала намысын қорғап, турнирде бақ сынаған ардагерлеріміз бен зейнеткерлерімізді ерекше атап өткім келеді: олар – Дастан Мукашев, Сергей Коцан, Владимир Бойков, Станислав Марченко, Владимир Полищук және Әбдірәсіл Рахимов. Бұл азаматтардың спортқа деген сүйіспеншілігі мен табандылығы жастарға әрқашан үлгі-өнеге.
– Рухани қарым-қатынас пен өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге келгенде, ардагерлердің тәжірибесі таптырмас қазына ғой. Осы бағытта қандай маңызды жобалар атқарылды?
– Әрине! Рухани сабақтастыққа келетін болсақ – бұл жағынан ардагерлер мен қарттарымыздың қосатын үлесі, әлбетте, жетіп артылады. Мысалы, сәуір айында Мәдени-сауық орталығында «Ерлікке тағзым» атты ауқымды да тағылымды іс-шара өтті. Аталмыш шара Чернобыль атом электр станциясындағы болған апатының 40 жылдығына арналған еді. Онда сол сұрапыл апатты жоюға қатысқан қаражалдық ардагерлеріміз мектеп оқушыларымен, жастармен жүздесіп, бастарынан өткерген қиын-қыстау күндері, отансүйгіштік пен батырлық туралы салмақты әңгіме айтып, жас ұрпақтың санасына патриоттық дәнді екті.
Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрімізді, қолөнерімізді дәріптеу бағытында «Алтын оймақ» әжелер клубының еңбегін ерекше айтқан абзал. Әжелеріміздің шебер қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының көшпелі көрмесі қаламызда өткізілетін әрбір мерекелік шараның көркіне айналып, көпшіліктің көзін қуантып, ұлттық мақтанышымызды тасытып жүр.
«Каражалочка» әнші әжелер тобы – өнер арқылы достық пен татулықты дәріптеп жүрген ұжым. Биыл топ мүшелері ән өнеріндегі белсенділігін арттырып, түрлі мәдени шараларға қатысып, өздерінің шығармашылық ізденістерін одан әрі жандандыра түсті.
Топтың өнеріндегі ерекше қуантатын тұстың бірі – олардың қазақ әндеріне де ықылас танытып, ана тіліміздегі әндерді орындауы. Қазақтың әуезді әндерін жүрекпен қабылдап, нақышына келтіре орындауы – ұлттық мәдениетке деген құрметтің, ел ішіндегі татулық пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісі.
– Сұхбат барысында облыстық музейде өткен айтулы мәдени іс-шара туралы да айтып қалдыңыз. Осы сапардың мән-жайын толығырақ тарқатып берсеңіз?
– Иә, ағымдағы жылдың 27 ақпанында біз Жезқазған қаласындағы облыстық тарихи-археологиялық музейде өткен «Алғыс – аманат, ән – мұра» атты салтанатты іс-шараға қатысып қайттық. Бұл бәріміз үшін ерекше рухани серпіліс сыйлаған сапар болды. Шыны керек, рухани сусындап, жерлесіміз Серік Оспанды өнертанушы, зерттеуші қырынан жаңаша таныдық. Ол кісі ұлттық өнерімізді түгендеуде өте ауқымды, үлкен жұмыстар тындырған екен.
Кеш барысында Серік Кәрібайұлының «Ұлытау өңірінің сал-серілері мен әнші, күйші, ақындары» атты тың еңбек жинағының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек – мәдениет пен өнер қызметкерлері үшін де, жалпы өнерсүйер көпшілік қауым үшін де үлкен жаңалық! Ең басты қуанышымыз – осы жинақ-кітапқа Қаражал-Жәйрем өңірінен шыққан белгілі ақын, сазгер, әнші жерлесіміз Жарқынбай Жетімек ағамыз туралы да арнайы тарау енгізіліп, ол кісінің шығармашылығы кеңінен жазылыпты.
Салтанатты кеште Серік Оспанның орындауында жинаққа енген авторлардың біраз әндерін сүйсіне тыңдадық. Бұл шараға Жарқынбай ағамыз екеуміз қатысқанымызға өте риза болдық. Жарқынбай ағамыз тебіреніп тұрып Серікке арнаған арнау өлеңін оқыса, мен қазақы дәстүрмен иығына шапан жаптым.
Шара соңында бізге Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және шығармашылық орталықтың атынан арнайы Алғыс хаттар мен естелік кітаптар табыс етілді. Өте жоғары деңгейде өткен рухани кеш болды.
– Ардагерлер тек мәдени-бұқаралық шаралармен шектеліп қоймай, қаланың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігіне де белсене араласатыны белгілі. Қаражалдың өзекті мәселелеріне үн қосып жүрген азаматтарды атай аласыз ба?
– Өте орынды сұрақ. Біздің ардагерлеріміз – бұл тек демалыстағы қарттар емес, олар – қаламыздағы қоғамдық бақылаудың басты қозғаушы күші. Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне қатысты өткізілетін қоғамдық тыңдалымдарда бей-жай қалмай, әрдайым белсенділік пен жанашырлық танытып, өткір мәселелерді батыл көтеріп жүрген азаматтарымыз аға буынның беделін арттыра түсуде.
Осы орайда ел ісіне бейжай қарай алмайтын ардагер-азаматтарымызды атай кетейін: Мешітбай Омаров, Сексен Сүлейменов, Есенбай Сағындықов, Рақымжан Сатанов, Қайыркен Құйқабаев, Қасқан Құйқабаев, Сәттібай Дүкенбаев, Арынғазы Шәкіров, Ауданбай Асанбаев және т.б. ардақты ағаларымыз бар. Осындай қазыналы, елдің қамын ойлайтын қарттарымыздың бар болғанына шүкіршілік етеміз. Олардың ақылы мен тәжірибесі – Қаражалдың гүлденуіне қосылған үлкен үлес.
– Мереке Рахимбаевна, алда келе жатқан мереке қарсаңында барша ардагерлерге, қала тұрғындарына тілегіңізді білдірсеңіз…
– Барша аға буын өкілдерін, ардагерлерімізді келе жатқан Қарттар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір шаңыраққа амандық, дендеріне саулық, отбасыларына береке тілеймін. Қарияларымыз аман, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
