Қазіргі кезде қаламыз қарқынды түрде дамып, көркейіп келеді. Қаланы абаттандыру, көркейту мақсатында жасалып жатқан шаруалар көз қуантады. Саябақтар гүлденіп, бірнеше мүсіндер орнатылды. Орталықтағы ғимараттардың сырты жаңарып, қаламыздың сәнін келтіріп тұр.
Қаланың сырт келбетіне әсер ететін тағы көптеген жайттар бар. Соның ішінде көрнекі ақпаратты атап айтқымыз келіп отыр. Қандай да ғимарат болмасын, мейлі мекеме, мейлі жеке дүкендер болсын, барлығын сыртында орналасқан көрнекі ақпараттары және жарнамалары арқылы танып білеміз. Көптеген жеке кәсіпкерлерге тиісті ғимараттардың сыртында ешқандай көрнекі ақпараттың болмауы – сол кәсіпкердің бизнесіне де кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Аты белгісіз болса – заты белгісіз болып қала береді. Ғимарат атауының болмауы – қаланың сәнін кетіреді. Ал сол көрнекі ақпарат болып, олардың Тіл туралы Заңға сәйкес, сауатты, әдемі ресімделуі – бөлек әңгіме.
Қоғам мәдениетінің ажырамас бөлшегі ретінде көрнекі ақпарат, жарнама мәтіндері күнделікті өмірімізден орын алып, назарымызды аударуда. Көпшілікке ұсынылатын нәрсенің қайсысы болсын әрі сапалы, әрі тиімді болғаны жөн. Бүгінгі таңда көкейкесті мәселеге айналып отырған жайт – көрнекі ақпарат пен жарнама тілінің жағдайы. Көшеде орналасқан әр нысан атауы – қазақ тілінің сұлулығын, көркемдігін насихаттайтын құрал болуға тиіс. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21- бабынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік:
Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады.
Еліміздегі жарнама берушілер көрнекі ақпаратты қазақ тілінде қатесіз жазуға міндетті. Ғимараттардың маңдайшаларындағы мемлекеттік тілдегі жазулар, көшедегі жарнама баннерлері мен хабарландырулардың орфографиясы мен грамматикасы заңмен қадағаланатын болады.
Гүлнұр САТАНОВА,
«Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы.