Президент Жолдауындағы өзекті мәселелер

Мемлекет басшысының биылғы жолдауы терең мағыналы, өзекті мәселелер мен оңтайлы шешімдерге толы. Иә, жыл өткен сайын ел басқару ісінде бұрынғы түйткілді мәселелерге жаңа қиындықтар қосылып, мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуін бірқалыпты ұстап тұру оңай болмай барады. Қазіргі жаһандағы әр жыл өзінің өзгерістерімен, тұрақсыздығымен, оқыс жаңалықтарымен, әр түрлі қиындықтарымен адамзат баласын тығырыққа тіреп жатқандай. Әрине, бұл бізден қол қусырып қарап отыруды емес, Мемлекет басшысы айтқандай, заман талабына сай шұғыл икемделіп, дұрыс бағыт-бағдар табуды талап етеді.
Осы мақсатта мемлекет басшысы жолдауда қоғамның әр түрлі саласында орын алған өзекті мәселелерге тоқтала отырып, оларды шешу жолдарын ұсынып, үкімет алдына нақты тапсырмалар қойды. Соның бірнешеуіне тоқталып өтейін.
Ұлттық қорға қатысты: «Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет» екендігін атап өтті.
Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою мақсатында да бірнеше шараларды атап өтті. Оның ішінде банктер туралы жаңа заң қажет екендігін, және ол құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, салық саясатын тұрақтандыру мақсатында салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру жүргізілсе фискалды реформа табысты болатынын атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал екеніне тоқталды. Иә, Мемлекет басшысы атап өткендей, бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн.

Тлеухор Байшукенова