Комиссия жұмысқа кірісті

«Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына «Әр азаматқа сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Салауатты ұлт» ұлттық жобасын іске асыру бойынша Ұлытау облысында уақытша жұмыс комиссиясы құрылды.

Қаражал-Жәйрем аймағы бойынша құрылған комиссия құрамында Ұлытау облыстық мәслихатының әлеуметтік қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және жастар ісі жөніндегі сұрақтары бойынша тұрақты комиссия мүшесі Артем Ким, Қаражал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ақжол Құрмансейіт, қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова бар.

Аталмыш комиссия өз жұмысын Жәйрем кенті мен Қаражал қаласындағы ауруханалардың жұмыстарымен танысудан бастады. Тексеріс барысында бірнеше олқылықтар анықталды. Атап айтқанда, Жәйрем кентіндегі аурухана ғимаратының сыртқы келбеті әдемі болғанымен ішкі жағдайы аса мәз болмай шықты. Қазіргі жағдайда қыс мезгілінде өте суық болатыны байқалды. Өйткені, емдеу мекемесінің қазандықтары жаңартылғанымен, 2018 жылғы күрделі жөндеу кезінде ғимарат сырты қапталғанымен арнайы жылу ұстайтын құрылыс жабдықтары қарастырылмаған. Сондай-ақ, аурухананың шұғыл қабылдау бөлімі өте тар жерде орналасқан, орнатылған жедел сатыға кірер тұс та стандартқа сай келмейді.

Комиссия тексерген тағы бір нысан, Қаражал қаласының ауруханасы болды. Мұнда мамандар мен медициналық құралдардың жетіспеушілігі анықталды. Ауруханада жиhаздар да тозған. Қызметтік көлік жетіспейді. Аурухана аумағы да абаттандыруды қажет етеді.

Комиссия мүшелері осы орын алған кемшіліктер бойынша арнайы хаттама толтырып, тиісті орындарға хабарлауды ұйғарды. Мұндай бақылау, тексеру жұмыстары алдағы уақытта да жүргізіліп тұратын болады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ