МӘМС жүйесі енгізілгелі бері 18 жасқа дейінгі балалар мен ересектерге амбулаториялық деңгейде берілетін тегін дәрі-дәрмектің тізімі кеңейтілді. Бүгінде МӘМС жүйесі шеңберінде амбулаториялық деңгейдегі 72 сырқат түрі бойынша пациенттер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 265 түрімен қамтамасыз етіледі.
Бұл мақалада біз суқараңғы (глаукома) ауруы кезінде тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектер туралы айтамыз. Неге десеңіз, пациенттердің көбі осы офтальмологиялық ауру кезінде көз тамшыларын тегін алуға құқылы екенін біле бермейді. Диспансерлік есепте тұратын, сақтандырылған ересектерге глаукоманы емдеу үшін «Тимолол» және «Латанопрост» белсенді заты бар көз тамшылары қарастырылған.
Тегін дәрі-дәрмектерді алу үшін пациенттер келесі қадамдарды жасауы қажет:
1) Пациентте «глаукома» диагнозы расталған және дәрі-дәрмектер тағайындалғаны, офтальмолог-маманның (ақылы немесе тегін) қабылдауынан өткені туралы анықтама болуы шарт. Содан кейін ол өзінің учаскелік дәрігеріне консультациядан өткенін хабарлауы керек. Офтальмологтың тағайындауы мен анықтамасы бір жылға жарамды екенін ұмытпаған жөн.
2) Дәріханада жазып берген дәрі-дәрмектердің болуын нақтылап алған жөн. Егер бос препарат болса (басқа емделушіге арналмаған), тегін рецепт жазылады және дәріхана оған дәрі-дәрмек береді. Дәрі болмаған жағдайда медициналық мекеме «СК-фармация» ЖШС-не өтінім беріп, емделушіге дәріханаға дәрі түскен кезде хабарласады.
Дәріханалар тегін дәрі-дәрмектерді жеткізуді бір жыл бұрын жоспарлайды. Ауруы жаңадан анықталған пациенттерді қамтамасыз ету үшін дәріхана препараттарға қосымша тапсырыс береді.
Естеріңізге сала кетейік, тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» № ҚР ДСМ-75 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар тізімімен Қордың ресми сайты fms.kz немесе adilet.zan.kz сайтында кеңірек танысуға болады.
Жыл басынан бері Ұлытау облысына 595 млн теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізіліп, бүгінге дейін жалпы құны 185 млн теңге болатын дәрі-дәрмек емделушілерге үйлестірілген.
Өз тілшімізден.