Ұлытау облысының әкімі Б.Әбдіғалиұлы Қаражал қаласында жұмыс сапарымен болып, халықпен кездесті.
Кездесуде өңір басшысы тұрғындарды жаңа облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабардар етіп, Қаражал қаласының даму жоспарлары туралы айтып берді. Облыс әкімі атап өткендей, қалада әлеуметтік және индустриялық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар іс-шара жоспарланған.
️ Атап айтқанда, Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында Қаражалда 80 орындық мектеп пен жабық жүзу бассейнін салу, орталық аурухананың балабақшасы мен емханасын күрделі жөндеу жоспарлануда, қаланың қолданыстағы мектептері базасында «Балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы» КММ ашу мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ, «Қаражал-Шалғия» автомобиль жолын орташа жөндеу, кәріз желілерін және жалға берілетін 3 үйді қайта жаңарту, халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін пәтерлерді сатып алу жоспарланған.
Сонымен қоса, өңір басшысы халықпен кездесу барысында қала мен кентті жылумен жабдықтауды жақсарту, аулаларды абаттандыру, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жөндеу, автожолдарды күтіп ұстау және жөндеу т.б. мәселелер бойынша қала басшылығының алдына бірқатар міндет қойды.
Есепті кездесуден кейін облыс әкімі қаланың 13 тұрғынын қабылдады.