БАЙЫТУШЫЛАРМЕН ӨНДІРІС ПЕН ӨҢІРДІҢ БОЛАШАҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Әділет» партиясынан Ұлытау облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттар Мұқан Үңгітбаев, Ерболат Сатыбалды, Ақжол Құрмансейіт және Нұргүл Талғатбекова Жезқазған байыту фабрикасының еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында кандидаттар сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басымдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласын дамыту, өндіріс орындарының әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.
Кандидат Мұқан Үңгітбаев байыту фабрикасының еңбеккерлері өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүргенін атап өтті.

«Байытушылар — Ұлытау облысының мақтанышы. Сіздердің күнделікті қажырлы еңбектеріңіз өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканың дамуына негіз болып отыр. Өндіріс орындарының тұрақты жұмысы мен еңбек адамдарының кәсібилігі — аймақтың өркендеуінің маңызды кепілі»,-деді ол.
Ал кандидат Ерболат Сатыбалды өңірдің инфрақұрылымдық дамуы мен жол құрылысы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Біздің басты мақсатымыз — Жезқазғанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, нақты жоспарлар арқылы Ұлытау облысын еліміздегі ең озық әрі дамыған өңірлердің біріне айналдыру. Қазіргі таңда Қостанай облысына қарай бағытталған жол құрылысы аяқталды. Қызылорда — Жезқазған бағытындағы автомобиль жолының құрылысы 95 пайызға орындалды. Ал Қарағанды бағытына қарай жол құрылысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобалар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, экономикалық дамуына тың серпін береді»,-деді Ерболат Сатыбалды.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Құрмансейіт А.А.
Ұлытау облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімін ұсынған «Әділет» партиясы»ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.