Сапарғали ӘШІМОВ

Қаражал қаласының тумасы, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі, педагог, композитор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Сапарғали Әшімов дүниеден өтті.
Сапарғали Әшімов Қарағанды облысының Қаражал қаласында дүниеге келген. Алғашқы және орта музыкалық білімін Қарағанды облыстық мамандандырылған музыка мектеп-интернатында алған. Баян аспабы бойынша А.М. Мучниктен, композиция бойынша А.Н. Рудянскийден дәріс алған.
1980–1985 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында профессор, халықаралық конкурстардың лауреаты Анатолий Гайсиннің класында білім алған. Консерваторияны тәмамдағаннан кейін Целиноград облыстық филармониясында солист-аспапшы болып еңбек жолын жалғастырған. 1990 жылдары Алматы қаласында ұстаздық және шығармашылық қызметпен айналысқан. Өмірінің соңғы кезеңінде «Бөбек» ұлттық орталығында қызмет атқарған.
Сапарғали Әшімов 1986–1990 жылдары Қаражал қаласының мәдениет бөлімін басқарған. Осы кезеңде ол қаланың мәдени өмірін дамытуға, әсіресе, музыкалық өнер мен дарынды жастардың шығармашылығын қолдауға зор үлес қосты. Оның бастамасымен және табандылығының арқасында заманауи музыкалық аппаратура сатып алуға қаржы бөлініп, талантты жастардың басын біріктірген «Вечер» (кейіннен «Canon») музыкалық тобы мен «Интер-Дисплей» студиясы құрылды. Аталған ұжымдар республикалық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып, Қаражал қаласының өнерін кеңінен танытты. Сонымен қатар, «Canon» тобының әндері «Союз» музыкалық студиясында жазылып, бұл сол кезеңдегі шағын шахтерлер қаласы үшін үлкен жетістік болды. Сапарғали Әшімовтің іскерлігі, бастамашылдығы мен өнерге деген жанашырлығы көптеген жас таланттардың танылуына жол ашып, Қаражалдың мәдени тарихында өшпес із қалдырды.
Сапарғали Әшімов – қазақ музыка өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған дарынды композитор. Ол профессор А. Гайсин мен П. Чайковский атындағы музыка колледжінің оқытушысы С. Сейтхановтың редакциялауымен жарық көрген «Альбом баяниста» шығармалар жинағының авторы. Сонымен қатар, қазақ халық аспаптар оркестріне арналған шығармалар, «Елге арнау», «Жапақ» күйлері мен вокалдық туындылар жазған. Оның шығармалары Қазақстанның музыка мектептеріне арналған оқу құралдарына енгізілген. Балаларға арналған жинағына «Жаса Қазақстан – Отчая земля», «Спасибо миру» туындылары енген.
Сондай-ақ, композитордың туған қаласына деген ыстық ықыласын білдіретін «Здравствуй, Каражал» әні де бар. Бұл шығарма – оның туған жерге деген сүйіспеншілігінің, Қаражалға деген сағынышы мен құрметінің көрінісі. Өзінің шығармашылық ғұмырын музыка өнеріне арнаған жерлесіміздің еңбегі мен өнері, қалдырған мол мұрасы ұрпақ жадында сақталады. Марқұмның отбасына, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.
Қаражал қаласының әкімдігі.