Берік отбасы – саналы таңдаудан басталады

Қаражал қаласында некеге дейінгі оқыту курсы басталды
Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ұрпақ тәрбиесінің бастауы, адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Әрбір адамның өмірінде шаңырақ көтеру, отбасын құру – аса маңызды әрі жауапты қадам. Өйткені, бақытты отбасы тек сүйіспеншілікке ғана емес, өзара сенімге, сыйластыққа, түсіністікке және ортақ жауапкершілікке негізделеді.
Халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаған. Отбасылық өмірде қуанышпен қатар түрлі сынақтар мен қиындықтар кездесетіні белгілі. Осындай сәттерде ерлі-зайыптылардың бір-бірін тыңдай білуі, ортақ шешім қабылдауы, қаржылық мәселелерді дұрыс жоспарлауы және өз құқықтары мен міндеттерін білуі отбасының беріктігіне тікелей әсер етеді.
Бүгінгі таңда жастарды отбасылық өмірге жан-жақты дайындау, отбасылық құндылықтарды нығайту және жауапты ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Осы мақсатта Ұлытау облысы Қаражал қаласы әкімдігінің «Отбасы институтын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде некеге дейінгі оқыту курсы басталды.
Аталған бастама Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен отбасын қолдау орталықтарында некеге дейінгі оқытуды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
Бағдарлама некеге тұруды жоспарлап жүрген жастардың отбасылық өмірге саналы түрде дайындалуына, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуға, отбасындағы қолайлы психологиялық ахуалды қалыптастыруға және отбасылық қатынастардың құқықтық, әлеуметтік, қаржылық негіздерін түсінуге бағытталған.
Некеге дейінгі оқытудың мақсаты қандай?
Некеге дейінгі оқытудың басты мақсаты – болашақ ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірге психологиялық, құқықтық, әлеуметтік және тұрмыстық тұрғыдан дайындығын арттыру.
Оқыту барысында қатысушылар отбасы құндылықтарының маңызын түсініп қана қоймай, күнделікті өмірде кездесетін түрлі мәселелерді тиімді шешудің жолдарын меңгереді.
Атап айтқанда, отбасылық міндеттерді өзара бөлісу, бір-бірінің пікірін құрметтеу, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, қаржыны жоспарлау, отбасындағы келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу және өзара сыйластықты сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Бұл бағдарлама жастардың жеке өміріне араласуды көздемейді. Керісінше, отбасын құруға қажетті білім беру, саналы шешім қабылдауға көмектесу және болашақ отбасылық өмірге дайындықты күшейту мақсатында ұйымдастырылады.
Некеге дейінгі оқыту бағдарламасы бес негізгі модульден тұрады.
Бірінші модуль – «Әріптестік және жауапкершілік»
Отбасы – екі адамның ортақ өмірі ғана емес, өзара сенім мен жауапкершілікке негізделген берік одақ.
Бірінші модульде ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірдегі рөлі, өзара сыйластық, сенім, қолдау көрсету, ортақ шешім қабылдау және тұрмыстық міндеттерді әділ бөлу мәселелері қарастырылады.
Отбасын құрған әрбір адам тек өзінің ғана емес, жұбайының да мүддесін ескеріп, ортақ мақсаттарға бірге ұмтылуы қажет.
Кей жағдайда жас отбасылар арасында тұрмыстық міндеттердің дұрыс бөлінбеуі, бір-бірінің пікірін ескермеу немесе жауапкершілікті бір адамның мойнына жүктеу салдарынан түсініспеушіліктер туындауы мүмкін.
Осыған байланысты қатысушыларға отбасындағы серіктестік қатынастың маңызы, тең құқықтылық, өзара құрмет, бір-біріне қолдау көрсету және ортақ жауапкершілік қағидаттары түсіндіріледі.
Модульдің негізгі мақсаты – ерлі-зайыптылар арасында сенімге, сыйластыққа және өзара жауапкершілікке негізделген берік қарым-қатынас қалыптастыру.
Екінші модуль – «Отбасын жоспарлау және репродуктивтік денсаулық»
Дені сау отбасы – дені сау ұрпақтың кепілі. Отбасын құруға дайындық тек психологиялық немесе материалдық мәселелермен шектелмейді. Болашақ ерлі-зайыптылардың денсаулық жағдайына жауапкершілікпен қарауы, отбасын саналы түрде жоспарлауы және ата-аналық міндеттерге дайын болуы да аса маңызды.
Бұл модульде репродуктивтік денсаулықты сақтау, жүктілікті жоспарлау, ана мен бала денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын ұстану, профилактикалық медициналық тексерулерден өту және жауапты ата-ана болуға дайындық мәселелері қамтылады.
Қатысушылар денсаулыққа зиян келтіретін әдеттердің алдын алу, медициналық кеңес алудың маңызы және болашақ ұрпақтың денсаулығына әсер ететін негізгі факторлар туралы ақпарат алады.
Сонымен қатар, баланың дүниеге келуіне психологиялық, әлеуметтік және тұрмыстық тұрғыдан дайын болу мәселелеріне назар аударылады. Аталған бағыт бойынша оқытуға тиісті кәсіби білімі мен тәжірибесі бар медицина қызметкерлері тартылады.
Модульдің мақсаты – жастардың репродуктивтік денсаулық жөніндегі сауаттылығын арттырып, саналы әрі жауапты ата-ана болуға дайындау.
Үшінші модуль – «Құқықтық сауаттылық»
Отбасын құру – адам өміріндегі маңызды шешімдердің бірі ғана емес, белгілі бір құқықтар мен міндеттердің туындауына негіз болатын құқықтық қатынас.
Сондықтан, әрбір азамат отбасылық өмірге қадам баспас бұрын өзінің құқықтары мен заң алдындағы жауапкершілігін білуі қажет.
Үшінші модуль аясында Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің негізгі талаптары түсіндіріледі. Атап айтқанда, некені мемлекеттік тіркеудің құқықтық маңызы, ерлі-зайыптылардың жеке және мүліктік құқықтары мен міндеттері, ортақ мүлікке қатысты мәселелер, ата-аналардың бала алдындағы жауапкершілігі және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тәртібі қарастырылады.
Сонымен қатар, отбасындағы құқықтық жауапкершілік, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жеке адамның қадір-қасиетін құрметтеу, қауіпсіз отбасылық ортаны қалыптастыру және құқықтық көмекке жүгіну мүмкіндіктері түсіндіріледі.
Құқықтық сауаттылық – отбасындағы жанжалдардың алдын алудың және заңды мүдделерді қорғаудың маңызды құралдарының бірі. Өз құқықтарын білу әрбір азаматқа заңды талаптарды түсінуге, өзгенің құқықтарын құрметтеуге және туындаған мәселелерді заң аясында шешуге мүмкіндік береді.
Модульдің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, отбасылық қатынастарда заң талаптарын сақтауға және жауапкершілікпен әрекет етуге үйрету.
Төртінші модуль – «Қаржылық сауаттылық»
Отбасының тұрақтылығы мен берекесіне әсер ететін маңызды факторлардың бірі – қаржылық сауаттылық. Қазіргі қоғамда көптеген отбасылар несие міндеттемелері, тұрмыстық шығындар, баспана мәселесі, қаржыны дұрыс жоспарламау және артық қарыз жүктемесі сияқты қиындықтарға тап болып жатады. Кей жағдайда отбасылық келіспеушіліктердің туындауына қаржылық мәселелерді алдын ала талқыламау, кірістер мен шығыстарды дұрыс есептемеу немесе ортақ қаржылық мақсаттардың болмауы себеп болуы мүмкін.
Осыған орай, төртінші модульде отбасы бюджетін жоспарлау, кірістер мен шығыстарды есептеу, қаражатты тиімді басқару, жинақ қалыптастыру, қаржылық мақсаттарды белгілеу және несие міндеттемелерін дұрыс бағалау мәселелері түсіндіріледі.
Қатысушылар отбасылық бюджетті бірлесіп жоспарлаудың, қаржылық міндеттемелерді ашық талқылаудың, күтпеген шығындарға алдын ала дайындалудың және артық қарыз алудың алдын алудың маңызын меңгереді.
Сондай-ақ, күнделікті қажеттіліктер мен ұзақ мерзімді қаржылық мақсаттардың арасындағы тепе-теңдікті сақтау, қаражатты үнемдеу және жауапты қаржылық шешімдер қабылдау мәселелері қарастырылады.
Модульдің негізгі мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып, отбасылық бюджетті тиімді басқару және қаржылық тұрақтылықты сақтау дағдыларын қалыптастыру.
Бесінші модуль – «Эмоциялық интеллект және отбасындағы қарым-қатынас дағдылары»
Отбасының беріктігі тек материалдық жағдайға немесе тұрмыстық мүмкіндіктерге байланысты емес. Ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінуі, тыңдай білуі, эмоцияларын басқаруы және қиын сәттерде қолдау көрсетуі де ерекше маңызға ие.
Кез келген отбасында түрлі пікірлер мен көзқарастардың сәйкес келмеуі мүмкін. Алайда, келіспеушіліктерді дұрыс шешу, бір-бірінің сезіміне құрметпен қарау және ашық сөйлесе білу отбасындағы татулықты сақтауға көмектеседі.
Бұл модульде эмоционалдық интеллект ұғымы, адамның өз сезімдерін тануы және басқаруы, тиімді қарым-қатынас орнату, өзара түсіністік қалыптастыру, жанжалдардың алдын алу және оларды сындарлы жолмен шешу мәселелері қарастырылады.
Қатысушыларға бір-бірін мұқият тыңдау, жеке пікірін дұрыс жеткізу, ашуды басқару, өзара диалог жүргізу және отбасындағы келіспеушіліктерді күш қолданбай шешу дағдылары түсіндіріледі.
Сондай-ақ, отбасындағы психологиялық қолдау, эмоционалдық қауіпсіздік, өзара сенім мен сыйластықтың маңызына ерекше назар аударылады.
Модульдің мақсаты – болашақ ерлі-зайыптылардың эмоционалдық сауаттылығын дамыту және отбасындағы тиімді қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.
Некеге дейінгі оқытуға кімдер қатыса алады?
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес, некеге дейінгі оқытуға:
— некеге тұруды жоспарлап жүрген жұптар;
— некені мемлекеттік тіркеуге алу туралы бірлескен өтініш берген жұптар;
— тіркелген некеде бес жылдан аспайтын мерзім тұрған ерлі-зайыптылар қатыса алады.
Демек, бұл бағдарлама тек отбасын құруды жоспарлап жүрген азаматтарға ғана емес, отбасылық өмірдің алғашқы жылдарында жүрген ерлі-зайыптыларға да арналған. Оқытуға қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады.
Оқыту қандай тәртіппен жүргізіледі?
Некеге дейінгі оқыту отбасын қолдау орталықтарында арнайы қалыптастырылған қатысушылар топтарында ұйымдастырылады.
Әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес, бір топқа 5-тен 25-ке дейін жұпты біріктіру ұсынылады. Халық саны 15 мың адамнан аспайтын елді мекендерде кемінде үш жұптан тұратын топ қалыптастыруға жол беріледі.
Оқыту қатысушылар топтары қалыптастырылған сайын немесе бекітілген сабақ кестесіне сәйкес, бірақ, тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
Сабақтардың ұзақтығы, саны және оқыту бағдарламасының мазмұны бекітілген үлгілік бағдарламаға сәйкес айқындалады.
Оқыту негізінен күндізгі форматта жүргізіледі. Алайда, қатысушылардың шалғай елді мекендерде тұруы, денсаулық жағдайы немесе күндізгі форматта қатысуына кедергі келтіретін өзге де объективті мән-жайлар болған жағдайда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға мүмкіндік қарастырылған. Бұл Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі қатысушылар үшін де маңызды.
Бағдарламаға тиісті кәсіби білімі мен практикалық тәжірибесі бар психологтар, медицина қызметкерлері, заңгерлер, қаржылық сауаттылық саласының мамандары және басқа да білікті мамандар тартылады.
Сабақтар барысында теориялық түсіндіру жұмыстары мен практикалық тапсырмалар ұштастырылады. Қатысушыларға өмірлік жағдайларды талқылауға, пікір алмасуға және отбасылық мәселелердің шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік беріледі.
Оқыту барысында қатысушылардың жеке өміріне құрметпен қарау, жеке деректердің құпиялылығын сақтау, кемсітушілікке, қысым көрсетуге және мәжбүрлеуге жол бермеу қағидаттары басшылыққа алынады.
Отбасы құндылықтарын нығайту – ортақ міндет
Қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің болашағы ең алдымен берік отбасыларға байланысты. Әрбір отбасындағы татулық, ата-ананың жауапкершілігі, баланың дұрыс тәрбие алуы, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету – ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас бөлігі.
Бүгінгі таңда жастардың отбасылық өмірге дайындық деңгейін арттыру, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністікті нығайту және ажырасуға алып келуі мүмкін келіспеушіліктердің алдын алу маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, некеге дейінгі оқыту – жастарға отбасылық өмірдің жауапкершілігін түсіндіруге, қиындықтарды бірлесіп еңсеруге және болашаққа саналы қадам жасауға көмектесетін маңызды бастама.
Қаражал қаласы әкімдігінің «Отбасы институтын қолдау орталығы» КММ өз қызметі аясында отбасылық құндылықтарды нығайту, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек ұйымдастыру бағытында жұмыстар атқаруда.
Некеге дейінгі оқыту бағдарламасының басталуы – орталық қызметінің отбасылық қатынастарды нығайтуға және қиындықтардың алдын алуға бағытталған маңызды бағыттарының бірі. Бұл бастама жастардың отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарауына, болашақ шаңырақтың беріктігін қамтамасыз ететін қажетті білім мен дағдыларды меңгеруіне ықпал етеді деп сенеміз.
Құрметті Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің жастары!
Егер сіз отбасын құруды жоспарлап жүрсеңіз, некені тіркеуге өтініш берген болсаңыз немесе некеде тұрғаныңызға бес жылдан аспаса, сіздерді некеге дейінгі оқыту курсына қатысуға шақырамыз! Болашақ отбасыңыздың берік негізін бүгіннен бастап қалаңыздар!
Есіңізде болсын, бақытты отбасы кездейсоқ қалыптаспайды. Ол – өзара сыйластықтың, сенімнің, түсіністіктің, ортақ жауапкершілік пен күнделікті қамқорлықтың нәтижесі. Берік отбасы – саналы таңдаудан басталады! Бақытты отбасы – берекелі қоғамның негізі!
Қатысу және толық ақпарат алу үшін: Асқар Молдабаев, (телефон: 8-771-291-91-23), Бағашар Ахметова (телефон: 8-777-108-88-49) хабарласыңыздар.
Нургуль РЫМХАЖИНА,
Қаражал қаласы әкімдігінің «Отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директоры.