17.11.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТТҰРҒЫНДАРМЕН ЖЕКЕ КЕЗДЕСУЛЕР ЖАЛҒАСУДА17.11.2026
Ақпарат ағыны

Бақытты болашақтың бастауы  

17.11.2026 · 12:23 · admin

Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық, қоғамның алтын діңгегі, ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі. Әрбір шаңырақтың шаттығы мен беріктігі өзара сүйіспеншілікке, сыйластыққа, сенім мен жауапкершілікке негізделеді. Ал сол берік шаңырақтың іргетасы отбасылық өмірге саналы түрде дайындалудан басталады. Осы орайда жастардың отбасылық өмірге деген көзқарасын қалыптастыру, неке құндылықтарын дәріптеу және болашақ жұбайлардың бір-бірін тереңірек түсінуіне жағдай жасау мақсатында Қаражал қаласында маңызды бастама қолға алынды.

Ағымдағы аптада Қаражал қаласы әкімдігінің «Отбасы институтын қолдау орталығы» КММ ұйымдастыруымен алғаш рет «Некеге дейінгі оқыту: берік отбасы – тұрақты қоғам негізі» тақырыбында жас жұптарға арналған арнайы оқу курсының ашылуы салтанатты түрде өтіп, осы тақырып аясында мазмұнды дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Бұл бастама – бүгінгі жастар үшін аса маңызды әрі өзекті бағыттардың бірі. Себебі, отбасын құру – тек екі жастың бас қосуы ғана емес, ол үлкен жауапкершілікті, өзара түсіністікті, сабырлылықты және ортақ өмірлік мақсаттарға ұмтылуды талап ететін маңызды қадам. Сондықтан, некеге дейінгі дайындықтың мәні зор. Жастардың отбасылық өмірге психологиялық, әлеуметтік және тұрмыстық тұрғыдан дайын болуы – болашақ шаңырақтың берік болуына негіз қалайды.

Іс-шараға Отбасы институтын қолдау орталығының мамандары, акушер-гинеколог және өмірлік тәжірибесі мол аға буын өкілдері, көпбалалы аналар қатысып, жас жұптарға бағыт-бағдар беріп, өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

Кездесу дәстүрлі баяндамалармен шектелмей, ашық диалог пен еркін пікір алмасу форматында өрбіді. Мұндай формат қатысушылардың өз ойларын ашық жеткізуіне, көкейлерінде жүрген сауалдарын қоюына және отбасы өміріне қатысты маңызды мәселелерді жан-жақты талқылауына мүмкіндік берді.

Шара барысында орталық психологтары жас жұптарға арналған ерекше психологиялық тренингтер ұйымдастырды. Тренингтер арқылы қатысушылар бір-бірінің мінез-құлқын, ойлау ерекшеліктерін, сезімдері мен қажеттіліктерін түсінудің маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар, өзара сенім қалыптастыру, тыңдай білу, пікірді құрметтеу, келіспеушіліктерді сабырмен шешу және отбасындағы эмоционалдық қолдаудың рөлі жөнінде пайдалы жаттығулар жүргізілді.

Дөңгелек үстел барысында жас жұптар да белсенділік танытып, бір-біріне түрлі сұрақтар қойып, болашақ отбасылық өмірге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Әсіресе, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті, отбасындағы міндеттерді бөлісу, қаржылық сауаттылық, отбасылық бюджетті жоспарлау, бала тәрбиесі, ата-ана алдындағы жауапкершілік және өмірлік қиындықтарды бірге еңсеру мәселелері кеңінен қозғалды.

Қазіргі таңда отбасылық қарым-қатынаста қаржылық сауаттылықтың да өзіндік орны бар. Ортақ бюджетті дұрыс жоспарлау, кіріс пен шығысты үйлестіру, материалдық мәселелерді бірлесе талқылау және болашаққа ортақ жоспар құру – жас отбасының тұрақтылығына ықпал ететін маңызды дағдылар. Осы бағытта қатысушыларға қаржылық жауапкершіліктің маңызы түсіндіріліп, отбасындағы ашықтық пен өзара келісімнің қажеттілігі айтылды.

Кездесудің мазмұнын аша түскен ерекше сәттердің бірі – көпбалалы аналардың өмірлік тәжірибелерімен бөлісуі болды. Олар жылдар бойы жинақтаған тәжірибелеріне сүйене отырып, отбасы берекесін сақтаудың, бала тәрбиелеудің, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты жоғалтпаудың және кез келген жағдайда бір-біріне тірек болудың маңыздылығына тоқталды.

Отбасы – қоғамның кішкентай моделі. Әр шаңырақта татулық пен түсіністік болса, қоғамда да тұрақтылық пен бірлік болады. Сондықтан, жас отбасыларды қолдау, жастарды некеге саналы түрде дайындау, отбасы құндылықтарын дәріптеу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ